Фейк: «Австралияда жануарлардың жаңа түрлерін өсіруге арналған құпия зертханалар бар»
Танымал Telegram чаттарда тараған видео авторы Австралия жұмбақтары туралы айтады. Оның сөзінше, Австралия Оңтүстік полюспен қосылғанын және онда жануарлардың жаңа түрлерін өсіруге арналған құпия зертхана бар екен. Бұл рас па? Анықтайық.
Сөзін растау үшін видео авторы үш дәлел келтіреді. Оларды рет-ретімен талдап шығайық.
- Австралияда әлемдегі ең ұзын қоршау салынды, одан өтуге болмайды.
Әлемдегі ең ұзын қоршау бар екені рас. Ол Батыс Австралияның мемлекеттік тосқауыл қоршауы деп аталады. Бұл әр уақытта салынған бірнеше қоршау. Біріншісі дақылдарды шамадан тыс көбейіп кеткен жабайы қояндардан қорғау үшін 1859 жылы салына бастаған. Кейіннен үйлер мен елді мекендерді жабайы Динго иттерінен қорғау үшін қоршаудың басқа бөліктері пайда болды. Бұл қоршаулар әлі де бар және өз қызметін атқаруда. Алайда, қоршауларды алып тастайтын уақыт келді деп санайтындар да бар. Мұның басты дәлелі – динго иттері тосқауылдан өте алмайтын жерлерде шөпқоректілер көбейіп, табиғи тепе-теңдік бұзылуда.
Адамдарға қоршаудан шығуға болмайтыны шындыққа жанаспайды. Оның әр түрлі бөлігінде бірнеше жол бар, олармен бәрі де жүре алады. Тек қоршаудың бойымен ғана еркін жүруге тыйым салынған, өйткені онда у немесе атыс қаруын жиі пайдаланатын зиянкестермен күресетін мамандар көп жүреді.
- Австралиялықтар жағалау бойында тұрады және континенттің ортасына ешкімді жібермейді.
Австралияның қалалары мен ауылдары жағалау бойында орналасқаны рас. Алайда, бұл континенттің орталығына ешкімді кіргізбегендіктен емес. Шын мәнінде, Австралияның орталығы – шөл дала. Ал жағалаудың бойында, керісінше, жерлер құнарлы және климаты өте жұмсақ. Австралияның шөлдері өмір сүруге жарамсыз болса да, оған туристер барады. Онда саяхат туралы танымал бағдарламалар да түсіріледі.
- Австралияда басқа жерде мекендемейтін жануарлар бар.
Видео авторының пікіріне, сүтқоректілердің көп түрі Австралияда тіршілік ететіндіктен, оларды жасырын зертханаларда қолдан өсірген деп пайымдауға болады. Шындығында, бұл құбылыстың ғылыми түсіндірмесі бар. Австралия әлемнің басқа бөліктерінен оқшауланған арал болғандықтан, онда мекендейтін жануарлар климаттық немесе басқа да өзгерістердің салдарынан қолайлы тіршілік ету орындарына қоныс аудара алмады. Сондықтан олар сол әлемге бейімделіп, жаңа ерекше қасиеттерге ие болды.
Қорыта айтқанда, жоғарыда келтірілген дәйектердің ешқайсысы Австралияда Оңтүстік полюске апаратын жасырын өткелдің болуын және онда жануарларды будандастыратын құпия зертханалардың барын дәлелдемейді.
Демек, таралған видеоны шын деп қабылдамаған жөн. Онда келтірілген фактілер – өтірік және манипуляция.