Фейк: «мРНК-вакциналар құрамында уытты нанолипидтер бар»
Пайдаланушылар Telegram арналарында COVID-19 қарсы вакциналар құрамында болатын улы нанолипидтер туралы бейнероликпен бөлісуде. Роликте аталған заттарға тоқталып, олардың неге қауіпсіз екенін түсіндіріп өтейік.
Роликте алдымен SM-102 заты аталады. Оның вакциналардың құрамында болатыны туралы ақпарат фейк және жоққа шығарылған. SM-102 – фармацевтикада қолдануға рұқсат етілген липид. Желі қолданушылары биыл көктемде өндірушінің сайтында жарияланған заттың уыттылығы туралы ақпаратқа сүйене отырып, оған қатысты қауесет тарата бастады. Шын мәнінде, бұл ескерту SM-102 затына емес, оны сақтауға арналған хлороформға қатысты болды. Бұл өндірушінің сайтында жарияланған ресми баспасөз хабарламасымен расталады.
Сонымен қатар, SM-102 липиді Moderna шығарған вакцинада ғана кездеседі және онда ол хлороформсыз таза күйде қолданылады.
Роликте айтылған басқа липидтер – ALC-0315 және ALC-0159. Олар Comirnaty және Moderna вакциналарында бар. Бұл сақтау кезінде вакциналарды тұрақтандыратын және ақуыздармен спецификалық емес байланыстарды болдырмайтын қорғаныс гидрофильді қорғаныс қабатын қалыптастыру үшін қажет.
Үстіміздегі жылдың 5 қаңтарында ДДСҰ-ның ресми сайтында жарияланған Comirnaty вакцинасы туралы мәліметтерді бағалауда препараттың қауіпсіздігі туралы қосымша зерттеулер қажет, өйткені ондағы ALC-0315 және ALC-0159 бөлшектерінің мөлшері аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін екені айтылған.
Мұндай зерттеулер жүргізілді. Олардың нәтижелерімен Желіде танысуға болады. Жалпы алғанда, Comirnaty вакцинасы 23 елде 49 клиникалық зерттеулерден өтті, кейіннен олардың нәтижелері, препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы мәліметтер, жанама әсерлердің тізімі мен құрамын халықаралық ұйымдардың мамандары және АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Бельгия, Франция, Германия, Сингапур және т.б. әлемнің 122 елінің өкілдері зерттеді. Осының бәрі вакциналардың қауіпсіз екенін дәлелдейді және ДДСҰ мамандарының ALC-0315 және ALC-0159 липидтерінің аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін екендігі туралы алаңдаушылығы расталған жоқ. Айта кетейік, бүгінде Comirnaty вакцинасы ДДСҰ-мен мақұлданды.
Сондай-ақ, Желіде Еуропалық медициналық агенттіктің мамандары жасаған осы препараттың бағалау есебімен танысуға болады. Онда ALC-0315 және ALC-0159 бөлшектері бұған дейін мақұлданған және қолдануға рұқсат етілген дәрі-дәрмекті жасау кезінде қолданылғаны айтылады.
АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасының (FDA) ресми сайтында жарияланған «Регламенттік қаулыға арналған түпкілікті негіздер» құжатында вакциналардан ағзаға түскен липидті нанобөлшектердің 50%-ы өзгеріссіз шығарылады, қалған бөлігі метаболизм арқылы компоненттерге бөлінеді деп жазылған. Мұны тышқандар мен егеуқұйрықтарда жүргізілген зертханалық сынақтар мен тест нәтижелері дәлелдейді.
Сонымен қатар, ALC-0315 және ALC-0159 липидтерін жеткізетін Cayman Chemicals өндірушісінің сайтындағы ескерту бұл бөлшектерді адамдар мен жануарларға қолдануға тыйым салынғанының белгісі емес. Қауіпсіздік туралы ақпарат ұсынылған парақтарда жеткізуші заттарды зерттеу мақсатында пайдалану үшін сатады, алайда олардың ағзаға қауіпсіздігін тексергеннен кейін тірі жанға қолдану туралы шешімді сатып алушы өзі қабыладйды.
Демек, COVID-19-ға қарсы вакциналардың құрамындағы улы нанолипидтер туралы ақпарат фейк болып табылады. Вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігі клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтармен дәлелденген, олардың құрамы баршаға қолжетімді, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың мамандарымен және әлемнің 122 елінің өкілдерімен зерделенді. Видеода көрсетілген липидтердің уыттылығына дәлелдер анықталған жоқ.