Fake News

Фейк: «Озондық процедуралар вакцинадан туындаған тромбтарды жояды»

Қазнетте «озондық процедуралар» СOVID-19 қарсы вакцинацияның жанама әсерлерін бейтараптандыра алатыны туралы ақпарат тарады. Хабарламада COVID-19 алдын алу және иммундауды барынша «азайту» бойынша ғылымға қарсы және ашық айтылған қауіпті ұсыныстар берілген мақалаға сілтеме жасалған. Оларды неге ұстануға болмайтынын айтайық.


Алдымен вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігі клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулермен, сондай-ақ әлемнің барлық елдерінде жаппай вакцинацияны бақылаумен дәлелденгенін атап өткеніміз жөн.
Демек, олардың әсерін «бейтараптандырудың» қажеті жоқ, өйткені вакциналар COVID-19-ға қарсы иммунитеттің қалыптасуына әкеледі, іс жүзінде иммундаудың мәні де осы.
Енді Қазнетте сілтемесі таратылған мақаланы талдап шығайық.
Біріншіден, ол ортомолекулалық медицинаға арналған порталда жарияланған. Бұл – дәлелді медицина мойындамаған балама бағыт. Оның негізгі принциптері – кез келген дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды биологиялық белсенді қоспалармен және дәрумендермен емдеуге болады.

Мұны растайтын ауқымды және ғылыми негізделген зерттеулер жүргізілмеген, тиісінше мұндай әдістің тиімділігіне дәлелдер жоқ. Портал рецензияланатын ғылыми онлайн-журнал емес және онда орналастырылған материалдарға сенудің қажеті жоқ.

Екіншіден, мақала редакторы – доктор Томас Леви. Ол 1976 жылы медициналық білім алған. Алайда, кейіннен ол медицинадағы дәстүрлі емес бағыттарға қызығушылық танытып, емдеудің балама әдістерін насихаттаушы ретінде танымал болды. Доктор Леви -бірнеше жалған мәлімдемелердің авторы. Мысалы, ол өзінің «Жасырын індет: тыныш ауыз инфекциялары көп жағдайда жүрек талмасы мен сүт безінің қатерлі ісігін тудырады» атты кітабында тіс тамырлары арналарын емдеу қатерлі ісік ауруының дамуына әкелетіні туралы жазады. Бұл мәлімдеме ғылымға қарсы және жетекші мамандармен жоққа шығарылды.
Сондай-ақ, Томас Леви 2014 жылы С дәруменінің үлкен дозаларымен Эбола вирусын толығымен емдеуге болады деп мәлімдеді. Әлбетте, бұл өтірік. Енді Леви COVID-19 бен «вакцинация салдарын» дәл осылай емдеуді ұсынуда.
Демек, Томас Леви редакторы болып табылатын мақаланы ғылыми және объективті деп санауға болмайды.
Үшіншіден, мақала бұрын әшкереленген ғылымға қарсы және манипуляциялық мәліметтерге негізделген. Атап айтқанда, мәтінде SARS-CoV-2 коронавирусының спайк ақуызы қауіпті токсин болып табылады, оны «бейтараптандыру» қажет делінген. Неліктен олай еместігі жайлы біз егжей-тегжейлі жазған болатынбыз. Сондай-ақ, мақалада вакцина енгізу салдарынан эритроциттер агрегациясы процесінде пайда болатын қызыл қан клеткаларының руло-қаттамаларының пайда болуы жиі кездесетіні айтылған. Бұл да дұрыс емес, ол туралы биыл тамыз айында Reuters басылымы және ABC телеарнасы хабарлады.
Яғни, мақалада сипатталған күресу әдістері қолданылатын проблемалар жоқ.
Төртіншіден, COVID-19 алдын алу және вакцинацияның теріс салдарын азайту шаралары ретінде мақала авторлары дәлелсіз және кейде денсаулыққа қауіпті болатын әдістерді ұсынады.
Оларға толығырақ тоқталайық:
1. С дәрумені
С витаминін қолдану COVID-19 жұқтырған пациенттерде сыналды, бірақ зерттеулер мұндай емнің айтарлықтай тиімділігін көрсеткен жоқ. 
2. Сутегінің асқын тотығымен жасалатын ингаляциялар.
Мұндай «ем» өте қауіпті болуы мүмкін. Мысалы, 3% сутегінің асқын тотығымен тыныс алу тыныс жолдарының тітіркенуіне әкелуі ықтимал. Концентрациясы көп сутегінің асқын тотығының буы өкпенің зақымдалуына әкеліп, денсаулықта елеулі проблемалар тудыруы мүмкін. 
3.«Ивермектин»
Бұл препарат COVID-19 емдеу немесе алдын алу үшін ұсынылмаған құрал. Бұл паразиттермен күресу үшін қолданылатын ветеринарлық дәрі. Адамдарға паразиттер тудыратын ауруларды емдеу үшін тағайындалады. Оларға онхоцеркоз (өзен соқырлық), стронгилоидоз және топырақ арқылы берілетін басқа да гельминтоздар жатады. Препарат қышыманы емдеу үшін де қолданылады. «Ивермектиннің» елеулі жанама әсерлері бар. Бұл туралы біз жазған болатынбыз.

Дәлелсіз: «Ивермектин – бұл вирустың барлық түрлерінде көмектесетін COVID-19 дәрі»

4. Гидроксихлорохин
COVID-19 пандемиясы басталғанда ғалымдар бұл препаратты КВИ жұқтырған науқастарда клиникалық сынақтан өткізген. Тәжірибе көрсеткендей, гидроксихлорохин ауруды емдей алмайды және аурудың дамуының ауырлығына әсер етпейді.

5. Озондалған тұз ерітіндісін тамызу
Қазіргі кезде ғалымдар қанның озонизациясын COVID-19 емдеудің және осы аурудың ауыр ағымының алдын алу әдістерінің бірі ретінде қарастыруда. Алайда, мұндай әдісті барлық жерде ұсыну үшін жиналған деректер әлі жеткіліксіз. 

Демек, мақалаға сенудің қажеті жоқ, өйткені:
– ол беделді дереккөз болып табылмайтын балама медицинаға арналған порталда жарияланған;
– оның редакторы – бұрын ғылымға қарсы мәлімдемелер жасаған және ауыр вирустық ауруға қарсы дәлелденбеген және пайдасыз ем ұсынған дәрігер;
– мақаланың өзі жалған және әшкереленген теорияларға негізделген;
– онда ұсынылған емдеу әдісі дәлелденбеген немесе тиімсіз, не болмаса қауіпті болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button