Фейк: «Денсаулық сақтау министрлігінде екпе алған қызметкерлер жоқ, өйткені олар вакциналардың қауіпті екенін біледі»
Telegram мессенджерінде қазақстандықтар Денсаулық сақтау министрлігінде КВИ қарсы екпе алған қызметкерлер жоқ деген ақпарат таратуда. Оның авторы бұл ақпаратты ведомствода жұмыс істейтін досынан естігенін айтады. Сондай-ақ ол өзі де, әріптестері де вакциналардың зиянды және қауіпті екенін жақсы білетіндігін мәлімдеген. Мұның барлығы өтірік.
Алдымен, ақпаратта фейктің барлық белгілері бар екенін атап өткеніміз жөн: онда ел немесе қала атауы көрсетілмеген. «Министрлік қызметкерінің» есімі немесе оның лауазымы белгісіз. Мұндай ерекшеліктердің болмауы, нақты ақпараттың берілмеуі жалған ақпараттарға тән. Сондықтан оларды тексеру және ақпараттың бастапқы дереккөзін табу қиынға соғады.
StopFake.kz түсініктеме алу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінді. Олар ведомство қызметкерлері арасында КВИ қарсы вакцинациядан жаппай бас тарту жоқ деп хабарлады.
– Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппаратында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің саны – 205 адам. Оның ішінде 21 адамда медициналық қарсы көрсетілімдер бар, олардың қатарына үш ай бұрын ауырғандар да кіреді. Осылайша, 184 адам вакцинациялауға жатады, оның ішінде 178 адам екі компонентпен егілді және 6 адам бірінші компонентті алды. Қызметкерлер 100% дерлік вакцинацияланды, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Демек, хабарламаның Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ және барлық белгілері бойынша ол фейк болып табылады.
Баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз! Жаңалықтың шынайылығын біздің порталдың көмегімен тексеруге болады. Өзіңізді қызықтырған ақпаратты t.me/stopfake_kz Telegram-арнасына немесе +7 707 739 5599 WhatsApp нөміріне жіберіңіз.