Фейк: Міндетті вакцинацияны 11 жыл сынақтан өткеннен кейін ғана өткізуге болады
Қазақстандық әлеуметтік желілерде жаппай вакцинацияға қарсы шыққан дәрігерлердің қатысуымен жазылған ролик таратылуда. Видео кейіпкерлерінің айтуынша, вакциналар репродуктивті функцияларға әсер етеді және вакцинацияны міндетті етпес бұрын, препаратты 11 жылдың ішінде сынақтан өткізу керек. StopFake.kz сарапшылармен бірге видеода айтылған тезистерді талдады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Өздерін «Қазақстанның адал дәрігерлері» деп атаған 4 минуттық роликтің кейіпкерлері бірнеше мәлімдеме жасайды. Мысалы, акушер-гинеколог Рушания Гумерова былай дейді:
«11 жылдық апробациясыз оны (вакцинациялауды) міндетті және мәжбүрлі ете алмаймыз».
Неге нақты 11 жыл, бұл қандай стандарттар немесе зерттеулер негізінде айтылып отырғанын дәрігер нақтыламайды. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляевтің пікірінше, бұл тұжырым негізсіз.
«Денсаулық сақтау мен ғылымда жылдармен шектелетін клиникалық сынақ жоқ. Клиникаға дейінгі зерттеулер, клиникалық зерттеулердің бірнеше фазалары бар, содан кейін пайдалануды тіркеу және лицензиялау, одан әрі тіркеуден кейінгі кезеңде жағымсыз құбылыстардың мониторингін жүзеге асыратын фармакологиялық қадағалау жүргізіледі. Фармакологиялық қадағалау жүйесі вакцинаны қолданудың барлық кезеңіне жарамды», – дейді Александр Гуляев.
Вакциналардың клиникалық зерттеулерінің нәтижелері баршаға қолжетімді екенін атап өткеніміз жөн, олармен кез келген адам таныса алады.
Акушер гинеколог, уролог, маммолог, гомеопат Ирина Прокушева видеода былай дейді:
«Мен ковидтен және вакцинациядан кейін пациенттерде стерелизацияны байқаймын, ерлерде сперматозоидтар жоғалады, әйелдерде аналық жасушалар өледі, АМГ талдауы бар, сол қатты төмендейді».
Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Вячеслав Локшин бұл пікірмен түбегейлі келіспейді. Ол оны былай деп түсіндірді:
«Вакциналар – адамзатты құтқарған жалғыз нәрсе. Олардың тиімділігін әлемдегі 5 миллиард вакцинацияланған адам дәлелдейді. Екпе алған осыншама адамда спикер айтқан жанама әсерлер тіркелген жоқ. Коронавирусқа қарсы вакциналар репродуктивті функцияларға әсер етпейтінін нақты көрсеткен ондаған зерттеулер бар. Бұл зерттеулер маңызды медициналық журналдарда жарияланды. Медицина қызметкерінің нені негізге алып, адамдарды адастырып отырғаны белгісіз. Кез келген мәлімдеме сенімді фактілермен, маңызды зерттеулермен расталуы керек. Бұл жерде ол жоқ»
Коронавирусқа қарсы вакциналардың фертильділікке әсері туралы фейкті қазақстандық және шетелдік сарапшылар бірнеше рет жоққа шығарды. Сондай-ақ, біз вакцинация ерлер мен әйелдердің репродуктивті функциясына әсер етпейтінін дәлелдейтін зерттеулер туралы жазған болатынбыз.
Фейк: COVID-19 қарсы вакциналар әйелдерде түсік тастауға және ерлерде бедеулікке әкелуі мүмкін
Видеодағы тағы бір спикер Алла Гачева – дәрігер-фитотерапевт, цитолог мынадай пікірін айтады:
«Қазіргі кезде иммундық жүйе хроникадағы вирустан әлсіреген, бұл герпес, Эпштейн-Барр вирусы, папилломавирус, сондай-ақ бізге полеомелит вакцинасынан келген полиомавирус және ол иммуносупрессия аясында бүгінде әсер ете бастауы мүмкін. Бұл орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, бүйректің зақымдануы»
Біз иммуносупрессияның не екенін түсіндіріп өтейік.
Иммуносупрессия, иммунодепрессия немесе иммун тапшылығы — мұның бәрі иммун тапшылығы жағдайы — иммундық жауаптың бір немесе бірнеше компоненттерінің немесе онымен тығыз әрекеттесетін спецификалық емес факторлардың жоғалуына байланысты иммунитеттің тежелуі. Бұл ағзаның әртүрлі жұқпалы және жұқпалы емес ауруларға қарсы тұруының әлсіреуіне әкеледі.
Ол физиологиялық және патологиялық болады.
Физиологиялық иммуносупрессия жүктілік кезінде байқалады. Ол эмбрионның иммунологиялық қабылданбауын болдырмау үшін қажет.
Патологиялық иммуносупрессия, ең алдымен, туа біткен және/немесе жүре пайда болған иммун тапшылығының әртүрлі жағдайларында, атап айтқанда, АИТВ инфекциясы, сәулелік ауру және т. б. кездерде байқалады.
COVID-19 қарсы вакциналар иммуносупрессия жағдайын тудырмайды, олар иммунитетті басуға қабілетті емес. Иммунитетті әлсіретіп, басқа аурулардың дамуына жағдай жасайтын короновирус инфекциясы.
Вакциналар жаңа коронавирусқа қарсы иммунитетті ғана қалыптастырады, бұған әртүрлі жас санатындағы денсаулық жағдайы әртүрлі адамдар қатысқан клиникалық зерттеулердің нәтижелері дәлел бола алады.
«Спутник V» вакцинасының клиникалық сынақтарының аралық нәтижелері The Lancet журналында жарияланды.
«Спутниктің» бірінші компонентінің 60 жастан 79 жасқа дейінгі адамдар арасында ауруханаға жатқызу және өлім қаупін азайтудағы тиімділігі зерттеу препаратының қауіпсіз екендігін растайды.
Ағымдағы жылдың 7 шілдесінде рецензияланған Nature ғылыми журналында мақала жарияланды, оның авторлары «Спутник V» вакцинасын тиімді және қауіпсіз деп атады.
«QazVac» вакцинасын клиникалық сынаудың I және II фазаларының нәтижелері EClinicalMedicine журналында шықты.
Pfizer вакцинасының қауіпсіздігі және оны еріктілерде сынау туралы мәліметтермен мына жерден танысуға болады;
Moderna вакциналары.
Janssen вакциналары.
Сонымен қатар, бұл вакциналар АИТВ бар адамдар үшін де қауіпсіз және тиімді.
Сарапшылар онкогематологиялық аурулары бар адамдарға да коронавирусқа қарсы егілуді ұсынады.
Видеодағы тағы бір спикер – гомеопат Марина Кузнецова, егер халықты зерттеп, «инфекцияның осы түріне бейімділікті анықтаса және бейім адамдарды ғана вакцинацияласа, медициналық қауымдастықтағы келіспеушіліктер жойылады дейді».
Іс жүзінде коронавирусты бәрі жұқтыруға бейім. Ерлер мен әйелдер, балалар SARS-CoV-2 коронавирусын бірдей жиілікпен жұқтырады. Аурудың ағымы әртүрлі болады. Бұл ретте адамның жасы және оның аурулары рөл атқарады. Тәуекел топқа қарт адамдар, гипертония, қант диабеті, астма, өкпе, бауыр немесе бүйрек аурулары бар науқастар жатады. Мұндай жағдайларда аурудың ауыр өту қаупі жоғары. Аталған аурулары бар адамдарға бірінші кезекте екпе салдыру ұсынылады. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру және инфекция қаупін азайту үшін жаппай вакцинация ең алдымен, вирус аса қауіпті адамдар үшін қажет.
Демек, бейнероликте баяндалған тезистер шындыққа жанаспайды. Вакцина 11 жылдың ішінде сынақтан өтуі керек деген норма жоқ. Репродуктивті жүйе ауруларының дамуы мен вакцинацияның арасындағы байланыс мүлдем ғылыми дәлелденбеген және антивакцинаторлар арасындағы танымал миф болып табылады. Вакциналар адамның иммунитетін әлсіретпейді және вирустарды жұқтыруға қолайлы жағдай туғызбайды. Мұны көптеген ғылыми зерттеулер мен вакциналардың клиникалық зерттеулері растайды. SARS-CoV-2 коронавирусын жұқтыруға бейім адамдар жоқ. Патоген бәріне бірдей әсер етеді, бірақ аурудың өтуі мен ауырлығы адамның жасына және ілеспе аурулардың болуына байланысты өзгеруі мүмкін.