Фейк: «Канадада SARS-CoV-2 вирусының бар екені дәлелденбегендіктен маска тағу режимі тоқтатылды»
Белгілі қазақстандық Telegram-чаттардың бірінде Канадада қоғамдық орында маска тағудан бас тартқаны үшін айыппұл салынған тұрғынның сотқа жүгінгені туралы ақпарат тарады. Бұл іс бойынша Альберта штатының бас санитарлық дәрігері Дина Хиншоу жауапкер болды. Сот барысында ол SARS-CoV-2 вирусының бар екендігіне ешқандай дәлел келтіре алмаған, нәтижесінде талапкерге салынған айыппұл алынып тасталды және ел бойынша маска тағу режимі тоқтатылған. Бұл жалған.
Сот процесі туралы ақпараттарды осы жылдың тамыз айында талапкердің өзі Патрик Кинг тарата бастады.
Оның талап-арызы бойынша шығарылған сот шешімінің көшірмесін Конституциялық бостандықтар жөніндегі Әділет орталығының сайтынан табуға болады. Кинг мырза өз мәлімдемесінде сотталушыдан, адамдардан, тікелей науқастан алынған үлгіден «SARS-CoV-2 деп аталатын COVID-19 вирусының оқшаулануын сипаттайтын барлық ресми құжаттарды» ұсынуды талап еткен, өйткені «бұл ресми құжаттар Альбертада «Қоғамдық денсаулық сақтау туралы заңға» сәйкес мәртебелерді жасаудың ажырамас бөлігі болар еді».
Алайда, төменде «шақыру қағазы техникалық тұрғыдан жарамсыз» және оның күші жойылғаны туралы судьяның қорытындысы ұсынылған.
– Кинг мырзаның жауапкерден талап еткен дәлелдер Провинциялық соттың Қылмыстық кодекстің 698-ші және 699-тармақтарының бұзылуын қарауы үшін маңызды болуы мүмкін екендігіне растаулар жоқ. Яғни, бітістіруші судьяның сотқа шақыру қағазын беруге өкілеттігі жоқ, осы негізде оның күші жойылуы тиіс», – делінген құжатта.
Яғни, сот отырысы өткен жоқ.
Альберта Денсаулық сақтау министрі кеңсесінің байланыс жөніндегі кеңесшісі Бретт Бойден Reuters агенттігіне Патрик Кинг заң бұзғаны үшін айыпты деп танылып, оған қоғамдық жерде маска тағудан бас тартқаны үшін айыппұл салынғанын хабарлады.
28 шілдеде Альберта штатында COVID-19 жұқтырған науқастармен тығыз байланыста болған адамдар үшін бірқатар карантиндік шектеулер алынып тасталды. Бірақ Патрик Кингке берілген сотқа шақыру қағазының мемлекеттік биліктің шешіміне ешқандай қатысы жоқ. Аймақ тұрғындарының 64%-ы вакцинаның екі дозасымен егілгендіктен шараларды жеңілдету туралы шешім қабылданған, осылайша, билік күзде айналымда болуы ықтимал басқа да тыныс алу жолдары ауруларына баса назар аудармақ.
Sars-CoV-2 вирусының бар екендігіне дәлелдер жоқ деген пікірлер жалған. Бұл вирус 2019 жылдың соңында Уханьда табылған. Патогеннің РНҚ 2020 жылдың 9 қаңтарында оқшауланды. 12 қаңтарда тәуелсіз топтар ашқан 5 геном GeneBank базасында тіркелді. Кейіннен әлемнің әр түрлі елдерінің ғалымдары вирус геномын өз беттерінше оқшаулады.
Қорыта айтқанда, Патрик Кингтің сот ісінің Альберта штатында карантиндік шараларды жеңілдетуге еш қатысы жоқ. Бұл шешім аймақтағы вакцинациялау деңгейінің жоғары болуына байланысты қабылданған. Сонымен қатар, Кингтің қоғамдық жерде маска тағудан бас тартқаны үшін салынған айыппұлдың алынып тасталғаны туралы мәлімдемесі фейк болып табылады. Ресми сот өкілдері талапкерге айыппұл төлеу туралы үкім шығарылғанын хабарлады. SARS-CoV-2 вирусы бар және бұған тәуелсіз ғалымдар жариялаған геномның толық анықталуы дәлел бола алады.