Fake News

Фейк: «Компьютерлік томография қауіпті, өйткені пациент көп мөлшерде радиация алады»

Компьютерлік томография жасау қауіпті ме? Танымал Telegram чаттардың бірінде пайдаланушылар КТ процедурасы кезінде адам Хиросимадағы ядролық бомба жарылысы кіндігінен 2,5 шақырым жерде болған кездегідей сәулеленуге ұшырайды деген ақпаратты талқылауда. Бұл олай емес.

Компьютерлік томография ішкі ағзалардың көп қабатты бейнесін алуға және олардың жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, дәрігер COVID-19 кезінде өкпе КТ өкпенің зақымдану пайызын бағалау және нәтижесінде науқасты қалай және немен емдеу керектігін түсіну үшін тағайындайды.

Компьютерлік томографтың жұмысы рентген сәулелерін қолдануға негізделген. Дәл осы сәулелер рентген аппараттары немесе флюорографияға арналған құрылғылар жұмысының негізі болып табылады. Алайда, оның әдеттегі рентген аппаратынан айырмашылығы, компьютерлік томограф бір емес, бірнеше сурет түсіреді. Бұл дәрігерлерге, мысалы, ми, өкпе немесе іш қуысында не болып жатқанын көруге мүмкіндік береді.

Компьютерлік томография кезінде адам дененің сканерленген аймағына және процедураның ұзақтығына байланысты шамамен 6-8 миллизивертке тең рентген сәулесінің аз мөлшерін алады.

Бұл процедураны өткізу кезінде денсаулыққа төнетін қауіп аз болады: КТ сканерлеу кезінде алынған радиация дозасы 1-3 жыл ішінде табиғи ортада алатын мөлшермен бірдей.

Бұл ретте рентген сәулелері ядролық емес, электромагниттік және иондаушы толқындар екенін атап өткеніміз жөн. Яғни, КТ диагностикасы нәтижесінде сәулеленудің сипаты Хиросима тұрғындары ядролық бомба жарылған кезде алғаннан айтарлықтай ерекшеленеді.

Адамдар өмір бойы дерлік үздіксіз сәулеленуге ұшырайтынын және радиациялық аурудан зардап шекпейтінін немесе радиациялық зақымданудың басқа белгілері байқалмайтынын естен шығармайық. NASA-да жұмыс істеген америкалық инженер Рэндалл Манро табиғи сәулелену көздерінің ең танымал кестелерінің бірін жасады.

Оған сәйкес, басқа адамның жанында ұйықтағанда 0,05 микрозиверт (мкЗв) мөлшерде радиация алуға болады. Бір банан жегенде радиация мөлшері бұдан 0,1 мкЗв аз болады. Орта есеппен, бір күнде адам 10 мкЗв-қа тең радиацияға ұшырайды, ал Нью-Йорктен Лос-Анджелеске ұшу кезінде – 40 мкЗвт.

Радионуклидтер топырақта, суда, тау жыныстарында, құрылыс материалдарында болады және солар арқылы өсімдіктер, жануарлар мен адамдар ағзаларына енеді. Сондай-ақ, Жерге және онда тұратындардың барлығына ғарыштық сәулелену әсер етеді, оның қарқындылығы теңіз деңгейінен биіктікке, географиялық ендік пен күннің уақытына байланысты өзгеруі мүмкін. Адамдар тіпті үй ішінде, әсіресе бетон мен граниттен де радиация алады.

Мұның бәрі ағзаға зиян келтірмейді. Сағатына 0,22-0,23 микрозиверттік радиациялық ая адамдар үшін қалыпты және зиянсыз болып саналады.

Жер бетінде табиғи радиациялық аясы әлдеқайда жоғары орындар бар, мысалы, Бразилияда Гуарапари жағажайлары немесе Иранда Рамсар қаласы.

Ядролық технологиялар заманауи медицинада кеңінен қолданылады. Ядролық медицина деп аталатын тұтас бір бағыт бар. Оның арқасында дәрігерлер ерте кезеңдерде адам ағзасындағы ісіктер мен басқа да ауытқуларды анықтайды, нәтижесінде оларды толық емдеу мүмкін болады.

Атап айтқанда, ядролық медицинада позитронды эмиссиялық томография немесе ПЭТ-КТ қолданылады. ПЭТ аппараттарының 95%-дан астамында глюкозаның реактивті биологиялық аналогы – фтордезоксиглюкоз қолданылады. Сонымен қатар, ПЭТ-КТ процедурасының өзі пациент үшін де, оны өткізетін маман үшін де, нормалар сақталған жағдайда қауіпсіз.

Бұл нормалар МАГАТЭ атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігімен ғылыми деректер мен нақты есептеулер негізінде белгіленген.

«Ядролық физика институты» РМК радиохимия және изотоптар өндірісі ғылыми-техникалық орталығының басшысы Елена Чакрова ядролық медицинадан неге қорықпау керек екендігі жайлы айтып берді.

– Ядролық медицинаға саналы түрде қарау керек, яғни радиофармпрепараттармен диагностикалау және емдеу үшін радиоактивті изотоптар пайдаланылатынын түсіну қажет. Науқасқа диагностикалық немесе терапиялық процедураны тек дәрігер ғана тағайындай алады. Бірақ қорықпау керек, өйткені радиофармпрепараттарда қысқа уақытқа сақталатын изотоптар қажетті ең аз мөлшерде қолданылады. Сонымен қатар, радиофармпрепараттарды онкологиялық ауруларды ерте және нақты диагностикалауда, емдеуді бақылауда, сондай-ақ қатерлі ісіктің кейбір түрлерін емдеуде қолданудың пайдасы зор. Пациенттер мен медперсоналдың қауіпсіздігі белгіленген нормаларды сақтаумен, медициналық мекемеде медициналық рәсімдердің барлық түрлерін дайындау және жүргізу кезінде дозиметриялық бақылаумен қамтамасыз етіледі, – дейді ол.

Бүгінгі таңда ядролық медицина ең озық салалардың бірі болып саналады. Ол ерте кезеңдерде онкологиялық ауруларды диагностикалау әдістерінде нақты серпіліс жасауға мүмкіндік берді және жүздеген мың адамның өмірін сақтап қалды. Сонымен қатар, ядролық медицинаны қолданудың артықшылықтары пациент алатын аздаған сәулелену мөлшерінен едәуір асып түсетіні ғылыми дәлелденген.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, компьютерлік томографтар зиянды емес деп қорытынды жасауға болады. Оларды атом бомбасының жарылысымен салыстыру дұрыс емес. Ядролық медицинаның дамуы адамзатқа қауіп төндірмейді, керісінше, бұрын қолжетімсіз болған диагностика мен емдеу әдістерін ашады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button