Fake News

Фейк: «Қазақстанда көмір мен мұнай қоры жеткілікті, сондықтан елімізге атом энергиясы қажет емес»

Қазнетте Қазақстанға атом энергиясы қажет емес, өйткені елде энергиямен қамтамасыз етуге жетерлік көмір мен мұнайдың мол қоры бар деген мәлімдеме тарады. Бұл олай емес, неге екенін түсіндірейік.

Айта кетейік, көмір, мұнай және табиғи газ жаңартылмайтын энергия көздеріне жатады. Олар ежелгі өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарынан миллиондаған жылдар бойы терең жер астында шөгінді жыныстардың қысымымен қалыптасады. Демек, елдегі көмір мен мұнай қоры жақын болашақта көбеймей, қолданылуына қарай таусылады.

ҚР Энергетика министрлігінің деректері бойынша, 2019 жылы елімізде 29.5 млрд тонна көмір (А+В+С1 санаты) болған. Бұдан басқа, республикада шамамен 4.3 млрд тонна көмір бар (С2 санаты). Бұл қорлар шамамен 300 жылға жетеді. 

Елдегі мұнай қоры 30 млрд баррельді құрайды. Мамандардың есептеуінше, бұл жылына 100 млн тонна шығын жұмсалатын болса, бар болғаны 42 жылға жетуі тиіс.

Алайда, елдегі көмір мен мұнай өндіру көлемі жылдан жылға өсіп келе жатқанын ескерген жөн. Егер 2000 жылы Қазақстанда 74,9 млн тонна көмір өндірілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 113,4 млн тоннаны құрады. 

Уақыт өте келе көмір өндіру күрделене түскені де маңызды. Өйткені, шахталар тереңдеп, оларды салу және өңдеу процесі қауіпті бола түсуде. 

Сонымен қатар, пайдалы қазбаларды өндіру елдің экологиясына айтарлықтай зиян келтіреді. ЕҚЫҰ-ның «Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі Стратегиялық экологиялық бағалау (СЭО) тұжырымдамасы» жобасында ашық көмір өндіру кезінде жыныс үйінділерінен, көмір қоймаларынан, кертпеш беттерінен шаң және жанып жатқан сыртқы үйінділерден шығатын түтін алыс қашықтықтарға тарала алатындығы айтылған. Зиянды шығарындылар негізінен тау шаңы мен көміртегі оксидінен тұрады.

– Жарылыс өнімдері (шаң, газ) атмосфералық ауаға шығарылып, 10 км-ден астам, ал тау жыныстарының үйінділері мен тиеу пункттеріндегі шаң — 2,5 км – ге дейінгі қашықтыққа таралады. Шаң-газ бұлтының биіктігі 1,6 км-ге жетеді. Осыған орай, ластанған аумаққа жақын жатқан территорияларға шаң техногендік жүктеме түседі – «бірқалыпты қауіптіден» «аса қауіптіге» дейін, – делінген жоба мәтінінде.

Көмір, мұнай және табиғи газды пайдалану қоршаған ортаға одан да көп зиян келтіреді. Оларды жағу кезінде ауаға тонналаған зиянды зат шығарылып, топырақ, су және атмосфераны ластайды. Сондықтан көптеген дамыған елдерде көмір өндіруге біртіндеп тыйым салынған. 

Осылайша, Қазақстанда көмір мен мұнайды пайдалануға толықтай сенім артуға болмайды. Біріншіден, қорлар қаншалықты мол болса да, ерте ме, кеш пе таусылады, екіншіден, оларды өндіру жылдан жылға күрделене түсуде, үшіншіден, көмір мен мұнай өндіру де, пайдалану да экологияға айтарлықтай зиян келтіреді.

Қазақстанда жылдан жылға өсіп келе жатқан электр энергиясын тұтынуды да ерекше атап өткеніміз жөн, бұл елдегі қолда бар қуаттар жақын арада халықтың қажеттілігін өтеу үшін жеткіліксіз болуы мүмкін екендігінің белгісі. 

Жоғарыда аталғандардың барлығын ескере отырып, Қазақстанда АЭС салуды экология және пайдалы қазбалар қорларының сарқылу проблемаларының шешімі ретінде қарастыруға болады. Атом электр станциялары қоршаған ортаға зиянды шығарындылар шығармайды және ластамайды. 

Бүгінде пайдаланылған ядролық отынды қайта қолдануға мүмкіндік беретін технология бар, яғни АЭС ешқандай қалдық шығармай жұмыс істей алады.

Оның үстіне, қазіргі заманғы АЭС оларды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және станция қызметкерлерінің қателіктерін болдырмайтын жаңа технологиялар бойынша салынады.

Фейк: «Атом электр станциялары басқарылмайды»

Қорыта айтқанда, елдегі көмір мен мұнай қоры ерте ме, кеш пе таусылады, ал оларды өндіру мен пайдалану Қазақстан экологиясына елеулі қауіп төндіреді. Елде электр энергиясын тұтыну артып отырғанын және жаңа станцияларды салу қажет екенін ескере отырып, АЭС өте орынды таңдау болып табылады. Атом станциялары экологияға зиян келтірмейді, ал заманауи технологиялар оларды өте сенімді және қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button