Дәлелсіз: «ВИП-тұлғалар вакциналардың орнына плацебо алады»
Қазақстандықтар мессенджерлерде ВИП-тұлғалар COVID-19-ға қарсы жалған вакциналар алады деген ақпарат таратуда. Бұл туралы итальяндық психиатр Алессандро Мелуцци мәлімдеген. Оның сөзіне еш дәлел жоқ.
Алессандро Мелуцци вакцинацияға қарсы тұлға және қастандық идеяларын жақтаушы ретінде белгілі. Ол бұған дейін де жалған ақпарат таратқан, мысалы, қара нәсілді америкалық Джордж Флойдты өлтірген полиция офицері іс жүзінде актер болған немесе «Освенцим» концлагеріне кіре берісте «Бәрі жақсы болады» деп жазылған деген болатын.
Атақты адамдар мен жоғары лауазымды тұлғалар COVID-19 қарсы вакциналардың орнына плацебо алатыны туралы ол «Белсенді денсаулық» қауымдастығы ұйымдастырған «Денсаулық және бостандық» конференциясында мәлімдеген.
– Белгілі бір салада вакцина салдырғандардың басым бөлігі жалған вакциналар алған. Менің сөзіме сеніңіздер, өйткені бұл маған да ұсынылды», – деді ол.
Оның айтуынша, ол «карманы бұзбау үшін» фейк вакцинадан бас тартқан.
Алайда, бұдан басқа сенімді дәлелдер келтірген жоқ. Сондай-ақ, италиялық саясаткерлер оның сөзін жоққа шығарды.
Мысалы, депутат Клаудио Борги Twitter-де элитаға арналған фейк вакциналар туралы мүлдем естімегенін жазды.
«Мен бәрінен бұрын екпе салдыру үшін шетелге кеткен көп адамды білемін, мысалы, Дубайға басқаларға қарағанда вакцина алу үшін барғандарды білемін. (…) Маған ешкім жалған вакцина ұсынған жоқ, ондай адамдарды танымаймын», – деп жазды ол.
Libero Quotidiano Мелуццидің сөзін «фейк ақпарат» деп атады.
Элитаға арналған бөлек вакциналар шығару туралы ешқашан хабарланған жоқ. Плацебо вакциналары мағынасыз, өйткені олар аурудан қорғауды қамтамасыз ете алмайды.
Демек, атақты адамдардың фейк препаратпен егілетініне ешқандай дәлел жоқ. Бұл теорияның дереккөзі – бұған дейін талай мәрте жалған ақпарат таратқан адам.