Манипуляция: «Солтүстік Кореяда COVID-19 жұқтыру жағдайлары жоқ, өйткені бұл ел дүниежүзілік қастандыққа қатыспайды»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттарда пайдаланушылар Солтүстік Кореяда неге осы күнге дейін COVID-19 жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелмегені туралы ойлануда. Кейбіреулерінің пікірінше, мұның себебі мұндай аурудың мүлдем болмауында, ал пандемия – Солтүстік Корея саясаткерлері қатыспайтын әлемдік көшбасшылардың қастандығы. Бұл олай емес.
Біріншіден, COVID-19 – бұл нақты және қауіпті ауру. Оның қоздырғышы – SARS-CoV-2 коронавирусы, оның геномы толығымен ашылған және сипатталған.
Екіншіден, COVID-19 пандемиясын ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейюс 2020 жылдың 11 наурызында жариялады. Ол кезде 114 мемлекетте 118 мыңнан астам адам ауруды жұқтырған, 4291 адам ауру салдарынан қайтыс болған.
Тиісінше, кейбір әлемдік көшбасшылар пандемияны адамзатты жою немесе құлдыққа алу үшін ойлап тапты деген идея – қастандық теориясы және оған ешқандай дәлел жоқ. Біз осыған ұқсас теориялар туралы көп мәрте жазған болатынбыз.
Әлемде COVID-19 жұқтыру және оның салдарынан болған өлім жағдайлары көптеп тіркелсе де, ресми мәліметтер бойынша Солтүстік Кореяда бірде-бір жағдай анықталмағаны рас. Алайда, елдегі саяси режимді ескерсек, науқастар туралы ақпараттың болмауы науқастардың жоқтығының белгісі емес.
Мамандардың пікірінше, Солтүстік Корея үкіметі елдегі COVID-19 жағдайын әдейі жария етпейді.
Сондай-ақ, Солтүстік Корея алғашқылардың бірі болып жалпы локдаун енгізді. Елде мектептер, көптеген кәсіпорындар мен қоғамдық демалыс орындары жабылды, азаматтар бетперде тағып, өзін-өзі оқшаулау режимін сақтауға міндеттелді. Карантин елде азық-түлік тапшылығын тудырды. Кейбір БАҚ-тың хабарлауынша, мұндай қатаң шаралар ел тұрғындарына аурудан толық қорғануға көмектесе алмады. Өткен жылдың наурыз айында КВИ-ден қаза тапқан екі жүз сарбаз туралы хабарланды. South China Morning Post басылымы карантинге жабылған мыңдаған басқа әскери қызметкерлер туралы жазған.
Солтүстік Кореяда COVID-19 жұқтырғандар бар және олардың саны көп екендігін елде қаншама карантиндік орталықтар мен ауруханалардың ашылғанын байқауға болады. DailyNK басылымы Солтүстік Корея билігі «ауыр белгілері бар» науқастарды қабылдау үшін мемлекет бойынша 10 мекеме бөлгені туралы жазған.
– «Daily NK дереккөзі орталық биліктің қарамағындағы екі оқшаулағыштың бірі – Оңтүстік Пхенан провинциясының Анжу қаласындағы әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің курортында орналасқан оқшаулағышта 300-ден астам адам қайтыс болғанын растады», – деп хабарлайды басылым.
Өткен жылдың сәуір айында өз елінен Қытайға қашуға тырысқан Солтүстік Корея азаматының COVID-19 жұқтырғаны туралы жаңалық шықты. Мұны ПТР тестілеу нәтижесі растады.
Осыған қарамастан, Солтүстік Корея үкіметі Ресей, Оңтүстік Корея және Қытайдан вакциналар жеткізу туралы бірнеше ұсынысты қабылдамады.
Қорыта айтқанда, Солтүстік Кореядағы COVID-19 таралуы бойынша нақты ахуал әлем жұртшылығына белгісіз, бірақ бұл елде бұл ауруды жұқтырғандар мен оның салдарынан көз жұмғандар жоқ дегеннің белгісі емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған қатаң карантиндік шаралар және ауруханалар мен карантиндік орталықтарды ашу туралы хабарламалар бойынша елде COVID-19 сырқаттанушылық деңгейі жоғары деп айтуға болады.