Дүниежүзілік экономикалық форум бақшада көкөніс өсіретін адамдарды жазалауды ұсынған жоқ
Қазнет пайдаланушылары Дүниежүзілік экономикалық форумның жаңа тыйымдары туралы ақпаратты талқылауда. Ұйым өз жерінде көкөніс өсіретін азаматтарға жаза енгізуді ұсынып отыр, өйткені бұл климаттың өзгеруіне әсер етеді. Пост авторының айтуынша, осылайша адамдарды жәндіктер мен вакцинацияланған тағамдарды жеуге итермелейді екен. Бұл фейк.
2024 жылдың қаңтарында Мичиган университеті Nature Cities журналында дәстүрлі және қалалық ауыл шаруашылығының көміртегі ізі салыстырылған зерттеуді жариялады. Еңбекте әлемнің бес еліндегі 73 қалалық ферма мен бақтардың деректері пайдаланылған. Қалалық фермалар мен бақшаларда өсірілген жеміс пен көкөністің көміртегі ізі шаруалар егістікте өсірген өнімнен орта есеппен 6 есе артық екені анықталды.
Жылыжайда өсірілген қызанақтарда қалалық ашық жерлерде өсірілген өнімге қарағанда көміртегі шығарындыларының қарқындылығы жоғары болған. Қалада өсірілген көкөніс пен басқа елден әуе көлігімен жеткізілген өнімдер арасында аса айырмашылық жоқ. Мысалы, спаржа.
Жобаны Ұлыбританияның экономикалық және әлеуметтік зерттеулер кеңесі, Германияның Федералды білім және зерттеулер министрлігі, Францияның Ұлттық зерттеу агенттігі, АҚШ Ұлттық ғылыми қоры және т. б. қолдады.
Дүниежүзілік экономикалық форум Мичиган университетінің зерттеулерін қаржыландырды деп айтуға негіз жоқ. Бұл ретте ДЭФ-тің зерттеулерге қандай да бір қатысы бар немесе оларды мақұлдағаны туралы жазбалар жоқ. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында да жазылмаған.
ДЭФ басшылығы да, өкілдері де өз бақшаларында көкөніс өсірген адамдарға жаза енгізетіні туралы мәлімдеген жоқ. Тіпті, ұйымның мұндай ниеті болса да, бұған оның заңды мүмкіндіктері жоқ.