Фейк: «Сода мен минералды сумен ингаляция жасау химиялық пневмонитті емдейді»
Пайдаланушылар мессенджерлерде «химиялық пневмонитті емдеу» құпиясымен бөлісуде. Ауруды жеңу үшін ингаляция жасау және жөтелге қарсы таблеткалар қабылдау ұсынылады. Мұндай кеңестер дұрыс емес және қауіпті.
Мұндай хабарламаларды тарататын адамдар COVID-19 вирус тудыратын ауру емес, химиялық пневмонит деген теорияны қолдайды. Бұған дейін оны арақ буымен емдеу ұсынылған. Бұл кеңесті неліктен ұстанбау керегі туралы біз бұған дейін айтқан болатынбыз.
Шын мәнінде, химиялық пневмониттің COVID-19-бен ешқандай байланысы жоқ.
Химиялық пневмонит дем алғанда өкпеге улы заттың өтуінің нәтижесінде дамиды. Бұл ауру инфекцияның емес, тітіркенудің нәтижесі. Химиялық пневмонит, мысалы, минералды, кастор және парафин майлары немесе көмірсутектер, мысалы, бензин, керосин және мұнай өнімдері сияқты майлы лактивтердің аспирациясынан туындауы мүмкін. Химиялық пневмонитке тән белгі – қызғылт көбіктенетін қақырықтың пайда болуы. Бұл ауруды желдету және тыныс алу жолдарынан аспирацияланған бөлшектерді алып тастау арқылы емдейді. Бактериялық инфекция дамыған жағдайда науқасқа антибиотиктер тағайындалады.
COVID-19 – вирустық ауру. Оның қоздырғышы – SARS-CoV-2 коронавирусы. Аурудың белгілері – жөтел, әлсіздік және бұлшықеттің ауыруы, иіс пен дәм сезудің жоғалуы.
Қазақстанда бұл ауруды емдеу үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссиясы 2021 жылғы 15 шілдеде мақұлдаған хаттама бар. Telegram арналарынан алынған хабарламада сипатталған «Боржоми»-мен ингаляциялар жасау және ас содасының буымен тыны салу әдістері хаттамада көрсетілмеген.
Осылайша, желідегі қазақстандықтар ұсынған химиялық пневмонитті емдеу әдісі осы аурудан да, қастандық теориясын жақтаушылар химиялық пневмонит деп санайтын COVID-19-дан да емдей алмайды.
Онлайн қауымдастықтардың ұсыныстары бойынша емделу қауіпті болуы мүмкін. Егер бойыңыздан COVID-19 белгілерін байқасаңыздар, дереу кәсіби медициналық көмекке жүгініңіздер.