Фейк: «Коронавирустық инфекция мен пневмония жоқ, адамдарды химиялық уланудан емдейді»
Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар COVID-19 бен оның салдарын жоққа шығаратын хабарлама таратуда. Белгісіз авторлар көшелерді өңдеу, антисептиктер мен маска тағудың әсерінен адамдар химиялық уланумен ауруханаларға түсетінін мәлімдейді. Бұл жалған.
Хабарлама бірнеше мәлімдемеден тұрады.
«Көшелерді өңдеу кезінде химиялық заттармен улайды»
«Мектептер, сауда орталықтары, банктер мен медициналық орталықтардың едендерін өңдеу арқылы коммерциялық мекемелерде улайды»
Жалпы пайдалану орындарын санитарлық өңдеу денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін деген ақпаратты бұған дейін ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті теріске шығарған болатын. Ведомствоның хабарлауынша, тұрғындардан санитарлық өңдеуден кейін аллергия белгілерінің пайда болуына қатысты келіп түскен шағымдар жоқ. Дезинфекция үшін денсаулыққа қауіп төндірмейтін препараттар қолданылады. Олардың барлығының тиісті сертификаты бар және қолдануға рұқсат етілген құралдар тізілімінде көрсетілген. Сонымен қатар, ерітінділерді дайындау ережелері көрсетілген нұсқаулар бар.
Рұқсат етілген дезинфекциялау құралдарының тізімі, олардың ерітіндідегі концентрациясының рұқсат етілген деңгейі және экспозицияның ең ұзақ уақыты ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 1 мамырдағы қаулысында көрсетілген. Оларды пайдалана отырып жүргізілген санитарлық өңдеуден кейін улану жағдайлары туралы хабарланған жоқ.
«Антисептиктер мен аэрозольдер арқылы улайды, барлығында дерлік ПГМГ бар»
ПГМГ (Полигексаметиленгуанидин) – адам ағзасына зиянды әсер етуі мүмкін зат. Алайда ол Қазақстанда рұқсат етілген дезинфекциялық құралдар тізімінде жоқ.
Антисептиктердің короновирустарға, атап айтқанда COVID-19-ға қарсы тиімділігі ғалымдардың зерттеулерімен расталған.
ДДСҰ коронавирусқа қарсы құрамында спирт болатын қолға арналған антисептиктерді қолдануға кеңес береді.
«Сумен жабдықтау жүйесі арқылы улайды… Бұл затты барлық қалаларда құйып, пандемия ұйымдастырды».
Қазақстанға Ресейден келген улы су туралы фейк те бұған дейін жоққа шығарылған болатын. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Судың сапасы үнемі бақылауда.
Қазақстандықтарды тағы да уланған су туралы фейкпен қорқытуда
«Сондай-ақ, олар маскалар арқылы улайды, бұл оның А бесфинолы бар пластиктен жасалғанын және титан диоксидіне малынғанын айтпағанда. Бетперделер қан ацидозына әкеледі (көмірқышқыл газымен артық қанықтыру). Соның әсерінен қан қоюланып, созылғыш болады, ал барлық эритроциттер жабысып қалады».
Бұл да өтірік. Бесфинол А (БФА) – бұл 1960 жылдардан бастап поликарбонатты пластик пен эпоксидті шайырлар өндірісінде қолданылатын химиялық зат. Ол көптеген поликарбонат өнімдерінің, соның ішінде азық-түлік қаптамалары, пластикалық сусын бөтелкелер, көзілдірік, сондай-ақ медициналық жабдықтардың құрылымдық құрамдас бөлігі болып табылады. БФА қауіпсіздігіне жүргізілген зерттеулер көп. Олардың нәтижелерін жалпы талдау БФА-ның өнімдердегі аз мөлшерде қауіпсіз екенін көрсетті. Медициналық өнімдерде поликарбонаттарды қолдану бүкіл әлем бойынша мақұлданған.
Бұл да жалған. Титан диоксиді (TiO2) зиянды емес, оның уыттылық деңгейі өте төмен. Бұл зат тамақ, косметика және кейбір дәрі-дәрмек өндірісінде қолданылады. Титан диоксиді ақ түсті реңк беру үшін пигмент ретінде қолданылатын тағамдық қоспаға кіреді.
Демек, хабарламадағы мәлімдемелер жалған болып табылады.