Манипуляция: «мРНҚ технологиясын әзірлеуші вакциналарды қауіпті деп атады»
Әлеуметтік желілерде кейбір COVID-19 қарсы вакциналар жасалған мРНҚ технологиясын әзірлеуші 12 жастан 17 жасқа дейінгі қыздардың вакцинация нәтижесінде өлу ықтималдығы COVID-19 жұқтыруға қарағанда 72% жоғары екендігі туралы хабарлама таратылуда. Бұған сенудің қажеті жоқ. Неге екенін түсіндірейік.
Біріншіден, доктор Роберт Мэлоун мРНҚ вакциналарын да, олар жасалатын технологияны да әзірлемеген. Бұл технологияның негізін ғалымдар Каталин Карико мен Дрю Вайсман жасаған.
Доктор Роберт Мэлоун мРНҚ-ны зерттеп, 1989 жылы катионды липосомаларға жанама РНҚ трансфекциясы» ғылыми жұмысын жариялағаны рас. Алайда, бұл еңбекте РНҚ-ға негізделген вакциналарды жасау әдісі де, оның LinkedIn-дегі жеке парақшасында көрсетілгендей, мРНҚ вакциналарын әзірлеуші екенін растайтын басқа процестер де сипатталмаған.
Logically басылымы осы жылдың 8 шілдесінде доктор Мэлоун мРНҚ вакциналары мен олар негізделген технологияны ойлап тапқан жоқ деген мақала жариялады. Материал шыққаннан кейін, Мэлоун редакторға хабарласып, вакцинаны ойлап таппағанын, бірақ «вакцина технологиясы платформасының» авторы екенін мәлімдейді. Бұған дәлел ретінде ол тоғыз патент ұсынған, бірақ олардың ешқайсысы Мэлоунның сөздерін растамады.
Екіншіден, Роберт Мэлоун вакцинадан қайтыс болу ықтималдығы ауру салдарынан болатын өлім-жітімінен 72% жоғары деген тұжырымға негізделген есептеулер CDC ресми сайтында және VAERS жүйесінде жарияланған мәліметтерге негізделген.
Доктор Мэлоун иммундау практикасы жөніндегі Консультативтік комитеттің презентациясын және балалар мен жасөспірімдер арасындағы вакцинацияның қауіптілігі мен артықшылықтарын талқылаудың презентациясын негізге алған. Бірінші құжаттан ол 12 жастан 25 жасқа дейінгі вакцинаны сынауға қатысушылардың 0,2% – ы ауруханаларға жүгінгені немесе препараттың екінші дозасын алғаннан кейін ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпаратты тапқан. Дәрігер құжатта еріктілердің дәрігерлерге қандай себептермен жүгінгенін және оның вакцинациямен байланысы бар-жоғын ескермейді. Сондай-ақ, Мэлоун клиникалық зерттеулерге қатысушыларда созылмалы аурулардың немесе ерекшеліктері болған-болмағанын нақтыламайды. Осылайша, вакциналардың қауіпсіздігін бағалау үшін презентацияда көрсетілген клиникалық сынақтарға қатысушылардың ауруханаларға жүгіну көрсеткішін қолдануға болмайды. Бұл өтініштер мен ауруханаға жатқызу жағдайларының нешеуі вакцинамен байланысты болғандығы және нешеуі жоспарлы болғаны немесе препаратты алумен ешқандай байланысы болмаған жағдайлардан туындағаны жайлы шынайы ақпарат жоқ.
Доктор Мэлоун сүйенген жастар арасындағы вакцинацияның артықшылықтары мен қаупін талқылауға арналған екінші презентацияда ұжымдық иммунитеттің қалай жұмыс істейтіні түсіндіріледі. Болжам бойынша, 12 жастан 17 жасқа дейінгі бір миллион қызды вакцинациялау осы жас санатындағы 8 500 вакцинацияланбаған өкілдерді COVID-19 жұқтырудан, 183 – ауруханаға жатқызудан, 38 адамды реанимациядан және біреуін өлімнен аман алып қалуға мүмкіндік береді. Бұл ретте тақырыбында бұл нақты есептеулер емес, болжам ғана деп көрсетілген. Тиісінше, оларды вакциналардың қауіпсіздігін бағалау үшін нақты ғылыми есептеулерде қолдануға болмайды.
Сондай-ақ, бірінші және екінші құжатта вакцинацияның артықшылығы қауіптен гөрі артық және бүгінгі күні қолданылып жүрген вакциналар аса тиімді екендігі айтылған.
Одан әрі доктор Мэлоун өзінің есептеулерінің негізі ретінде VAERS жүйесінде жарияланған COVID-19 қарсы вакцина алғандар арасындағы ауруханаға жатқызу көрсеткіштерін алады. Бұл ретте жарияланған деректерді сенімді және дәлелденген дереккөз ретінде пайдалануға болмайтыны туралы сайтта орналастырылған жүйенің ескертуі ескерілмейтіні анық.
«Есептерде толық емес, дәл емес, кездейсоқ немесе тексерілмеген ақпарат болуы мүмкін. VAERS-тегі есептердің көбі ерікті болып табылады, яғни олар теріс көрсеткіштер болуы мүмкін», – делінген порталда жарияланған ескертуде.
Осылайша, доктор Мэлоунның есептеулері расталмаған мәліметтерге негізделген, сәйкесінше тұжырымдар манипуляциялық болып табылады және оларды сенімді деп санауға болмайды. Доктор Мэлоунның өзі COVID-19 қарсы вакциналарды әзірлеуге қатысы жоқ және вакциналар әзірленген технологияны жасамаған.