StopFake.kz порталына бір жыл
Осыдан тура бір жыл бұрын, 2020 жылдың 16 шілдесінде StopFake.kz порталы өз жұмысын бастады. Сол күннен бастап біздің сайтта және Telegram-арнамызда 1200-ден аса материал жарияланды. Осы уақыт ішінде біз жалған ақпаратты жоққа шығарып, онлайн-алаяқтардың құрбаны болмау жолдарымен бөлісіп, танымал интернет-аңыздарды әшкереледік.
Портал COVID-19 пандемиясы басталғанда әлеуметтік желілерді дүр сілкіндірген жалған ақпарат ағынына төтеп беру үшін ашылды. Осы бір жыл ішінде коронавирусқа қатысты фейктер аса танымал болғаны сөзсіз. Олар бір-біріне қайшы келіп, адамдарды шатастырды, кейде тіпті, желі қолданушыларының үрейін алатын. Конспирологиялық теориялардың және ойдан шығарылған хабарламалардың шындыққа жанаспайтынын барынша анық әрі нақты жеткізу үшін біз ақиқатты анықтап, ғылыми дәлелдер жинадық, сенімді дереккөздерде жарияланған мақалалар мен ақпаратты зерттедік.
Карантиндік шектеулерден әбден шаршаған қазақстандықтар ашуға бой алдырып, үмітсіздікке салынған сәттер де болды. Осы кезде әлеуметтік желілерде үкімет ұшақтан у шашу арқылы бізді улайды, тағы да локдаун болады, алдағы уақытта кәмелетке толмаған балаларды отбасылардан күштеп тартып алады, ал біз азаматтық құқықтарымыз бен бостандығымыздан айырыламыз деген сияқты идеялар тарала бастады. Бұл кезде де біз халықпен бірге болдық: түсініктеме алу үшін уәкілетті органдарға жүгіндік, ресми пікірлерін сұрадық, мамандармен егжей-тегжейлі сұхбат өткізіп, жарияладық. Шындықты өтіріктен ажырату және интернет-манипуляциялардың құрбаны болуға жол бермеу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істедік.
Оқырмандар мессенджерлерде тараған хабарламаларды немесе әлеуметтік желілердегі вирустық жазбаны тексеру туралы өтініштерін білдірді. Осы үшін «Рахмет!» айтамыз. Ақпаратты тексеруге жібере отырып, Сіздер ақпараттық алаңды өтірік пен манипуляциялардан арылтуға көмектесесіздер, яғни бүкіл қоғамға көмегіңіз тиеді.
Біз Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, бұқаралық ақпарат құралдарына, серіктестерімізге және барлық бей-жай қалмаған адамдарға алғысымызды білдіреміз. Сенімділік танытып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет. Оқырмандарымызға әрдайым өзекті және шынайы ақпарат жеткізу үшін біз жұмысымызды жалғастырамыз.