Фейк: «Вирустар қорқынышты емес және вирусқа қарсы вакциналар жоқ»
Қазақстандықтар Telegram мессенджерінде вирустар қауіпті емес деген хабарлама таратуда. Авторлардың айтынша, мұны вирусолог Люк Монтанье дәлелдеген. Іс жүзінде көптеген вирустар қауіпті аурулар тудыруы мүмкін.
88 жастағы француз вирусологы Люк Монтанье пандемия кезінде бірнеше түсініксіз және ғылымға қайшы мәлімдеме жасаған. Өткен жылы ол SARS-CoV-2 құрамында АҚТҚ бар деген болатын. Бұған дейін аутизм спектрі бұзылған балаларды клизмамен емдеуді ұсынған, сондай-ақ, гомеопатия мен ДНҚ телепортациясын қолдап, пікірін білдірген.
Алайда, біз Монтаньенің вирустардың қауіпсіздігі туралы мәлімдемелері мен дәлелдерін таппадық.
Барлық вирустар қауіпті емес деген де, барлық вирустар адамдарға қауіп төндірмейді деген де пікір ғылымға қарсы.
Ғалымдардың шамамен бағалауы бойынша, планетада вирустың шамамен 10 нониллион түрі бар.
Оның ішінде 200-ден астамы ауру тудыруы ықтимал.
Кейбіреулері адамдар үшін аса қауіпті болуы мүмкін. Мысалы, қызылша, полиомиелит, құтыру және т.б. Бұл ғылыми зерттеулермен және эпидемиологиялық мәліметтермен дәлелденген.
Ғалымдар вирусты жұқтырған адамның ағзасынан оқшаулаған кезде ауру тудыратын вирустарды сәйкестендіреді. Вирустардың анықталған геномдық тізбегі GenBank ашық мұрағатында сақталады, олармен кез келген адам таныса алады.
Осы хабарламада «вирусқа қарсы вакциналар жоқ. Олар адамдарды қатерлі ісіктен өлтіру үшін жасалады» деп айтылады. Бұл біз бірнеше рет жоққа шығарған кең таралған қастандық теориясы. Кейбір вакциналар (мысалы, адам папилломавирусына қарсы), керісінше, онкологияның даму қаупін азайтады.
Вакциналардың тиімділігі дәлелденді. Екпелердің арқасында адамзат бұрын өлімге әкелген көптеген ауруларды, мысалы, шешек пен обаны жеңе алды. Сіреспе, полиомиелит, қызылша және т.б. қауіпті ауруларды жұқтыру жағдайларының саны бірнеше есеге азайды.