Fake News

Фейк: «Денсаулық сақтау министрлігі вакцинация миокардиттің даму қаупін арттыратынын анықтады»

Қазақстандық Telegram-арналарда пайдаланушылар Денсаулық сақтау министрлігі миокардит пен жас ерлерде перикардиттің дамуы мен COVID-19-ға қарсы вакцина салдырудың арасында байланыс барын анықтағаны туралы хабарламамен бөлісуде. Бұл олай емес.


Миокардит – бұл жүрек бұлшықетінің қабынуы. Перикардит – жүректің сыртқы қабығының қабынуы.
Таратылған хабарламада қай елдің денсаулық сақтау министрлігі жүрек ауруларының COVID-19 қарсы вакцинациямен байланысы бары туралы қорытындыға келгені көрсетілмеген.
Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинация нәтижесінде перикардит пен миокардиттің даму жағдайлары тіркелмеген. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен хабарлады.

– Вакцинаны алуға байланысты өлім жағдайлары немесе ауыр аурулардың дамуы тіркелмеген. Температураның көтерілуі, инъекция орнының ауыруы және т.б. күтілетін жағымсыз реакциялар вакцинацияланған адамдардың 0.5% – ында байқалады, – деді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Иммундау жүрек бұлшықетінің қабынуының дамуына қауіп төндіреді деген теорияның өзі Желіде кеңінен тараған. Бұған дейін оны Украинаның фактчекерлері жоққа шығарған.
Израиль мамандары вакцинацияланған адамдар арасында миокардит пен перикардиттің даму жағдайларын зерттеп, бұл болжамды тексеруде. Бүгінде жүректің қабынуы дәл вакцинаның әсерінен болатынына ешқандай дәлел жоқ. Профессор Надав Давидович, эпидемиолог және Негевтегі Бен-Гурион университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің директорының айтуынша, «алдын ала талдау бойынша, қауіп-қатер (миокардит пен перикардиттің дамуы – авт.) індетті табиғи жолмен жұқтырғандар үшін жоғары».
АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) COVID-19 қарсы вакциналарына барлық жағымсыз реакциялардың есебін жүргізеді. Бүгінгі күні ведомствоға COVID-19 қарсы вакцина салдырған 30 және одан кіші жастағы адамдар арасында миокардит немесе перикардит туралы 623 хабарлама келіп түскен.

– Жағдайлардың басым бөлігі мРНК-препараттарымен (Pfizer-BioNTech немесе Moderna) егілгеннен кейін, әсіресе ер жасөспірімдер мен жастарда тіркелген. CDC және оның серіктестері COVID-19 қарсы вакцинациямен байланысы бар-жоғын бағалау үшін осы есептерді зерттеп жатыр», – делінген ведомствоның ресми сайтында.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда мРНҚ-платформасында әзірленген COVID-19-ға қарсы вакциналар пайдаланылмайтынын атап өтті.

– Қазіргі уақытта Қазақстанда Pfizer-BioNTech және Moderna вакциналары қолданылмайды. Халықты COVID-19-ға қарсы егу рекомбинантты аденовирустық векторлар негізінде әзірленген «Спутник V» вакциналарымен және QazVac( QazCovid-in), Sinovac, Hayat-Vax инактивтендірілген вакциналарымен жүргізіледі. Вакцинациядан кейін жағымсыз жанама әсерлер ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде тіркеледі, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қорыта айтқанда, миокардиттің вакцинациямен байланысы туралы мәлімдемелер дәлелденбеген. Қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцина алған адамдар арасында осындай бірде-бір жағдай тіркелген жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button