Фейк: «Мектеп оқушыларын полиция мен әскери қызметкерлердің бақылауымен вакцина алуға мәжбүрлейді»
Telegram мессенджерінде АҚШ-та түсірілген бейнекадрлар таратылуда. Роликте жанында әскери формадағы адамдар жүрген және полиция көлігі тұрған орта мектеп көрсетілген. Жақын маңда – балаларды ата-аналарының келісімінсіз COVID-19-ға қарсы вакцинациялауды тоқтатуға шақыратын плакаттармен адамдар бар. Осыдан пайдаланушылар әскерилер мектеп оқушыларын ересектердің келісімінсіз олардың еркіне қарсы вакцинациялауға мәжбүрлеуде деген қорытындыға келген. Бұл олай емес.
Видеоролик 28 мамырда Айдахо штатының Кер-Д ‘ Ален қаласындағы орта мектепте түсірілген. Оны мектеп жанында наразылық білдірген белсенділер жазған. Олар ғимаратқа таңертеңгі сағат жетіде плакаттармен келіп, жергілікті уақыт бойынша сағат 9.00-ге қарай үйлеріне тарады.
Бұл күні Кэнфилд мектебінің жанында жылжымалы вакцинация пункті ашылды. Іс-шараны ұйымдастырған мектеп емес және оған қатысу міндетті болмаған. Оны Пэнхендл медициналық-санитарлық округі өткізген. БАҚ округтің мектептердің жанында осындай көшпелі вакцинация пункттерін ұйымдастыруға дайындалып жатқаны туралы алдын ала хабарлаған.
Сондай-ақ, іс-шара аясында вакцинаны кез келген адам ала алатыны, бірақ кәмелетке толмағандар COVID-19-ға қарсы вакцинациядан өтуге құқысыз болғандықтан, 18-ге толмаған балаларда ата-анасының немесе қамқоршысының қол қойылған рұқсаты болуы керек екендігі де айтылған.
Кадрға түскен әскери формадағы адамдар, шын мәнінде, Пенхандл медициналық-санитарлық округінің қызметкерлері. Желіде форма киген ведомство қызметкерлері туралы жаңалықтар сюжеттерін көруге болады.
Бұл олардың күш құрылымдарының қызметкерлері екенін және балаларды қорқытып, вакцина алуға мәжбүрлеу үшін мектеп аумағына келгенінің белгісі емес. Медициналық-санитарлық округ қызметкерлерінің міндеті – Айдахо қаласының солтүстік бөлігіндегі қоғамдастықтар мен жекелеген азаматтар үшін қоғамдық денсаулық сақтау бағдарламаларының орындалуын қамтамасыз ету. Пэнхендл округі – штат аумағында жұмыс істейтін осындай жеті ауданның бірі.
Видеода байқалған полиция патрулі де іс-шара барысында тәртіптің сақталуын бақылау үшін келген. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарды вакцина алуға мәжбүрлемейді.
Осылайша, видео АҚШ-та балаларды ата-аналарының келісімінсіз COVID-19-ға қарсы вакцинациялауға мәжбүрлейтінін дәлелдемейді. Заң бойынша, 18 жасқа толмаған балаларда ата-аналары қол қойған вакцинация жүргізуге рұқсаты болуы тиіс. Әйтпесе, оларға вакцина салынбайды. Видеоға түсірілген әскери қызметкерлер – іс жүзінде мектеп жанындағы көшпелі вакцинация пунктін ұйымдастырған медициналық-әлеуметтік округтің қызметкерлері.