Фейк: «Жапонияда COVID-19-ға қарсы егілгендерге қан доноры болуға тыйым салынды»
Кейбір әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қолданушылар COVID-19 қарсы вакциналардың әсерін АИТВ жұқтырумен салыстырады. Бұған дәлел ретінде олар Жапонияда Қызыл Крест вакцинацияланған адамдарға қан доноры болуға тыйым салғаны туралы фейкке сүйенеді.
Telegram-чатта күншығыс елінен тараған «жаңалыққа» күмән келтірілмеді, және АИТВ талдау нәтижесі оң шыққан адамдар шынымен қан доноры бола алмайтыны айтылды.
Шын мәнінде, Жапонияда да, басқа елдерде де COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған адамдар донорлықтан шеттетілген жоқ.
Жапонияның Қызыл Крестінің ресми сайтында осы жылдың 14 мамырында күшіне енген қаулы бар. Онда вакцинациядан кейін 48 сағат ішінде екпе салдырғандарға қан тапсыруға болмайтыны айтылған. Осы мерзім өткеннен кейін вакцинацияланған донорлар үшін шектеу қойылмайды.
Вашингтондағы Жапония елшілігінің өкілі Хитоши Хатта бұл қауесетке қатысты пікірін білдірді. Factcheck.org тілшісімен телефон арқылы сөйлескен кезде ол, вакцинацияланған адамдарға препаратты қабылдағаннан кейін 48 сағат ішінде қан доноры болуға рұқсат етілмейтіні вакциналардың қауіпсіздігіне байланысты емес. Бұл норма егілгендерде қамқорлық көрсету үшін қабылданған, өйткені препаратты қабылдағаннан кейінгі алғашқы екі күнде оларда әлсіздік, қалтырау, бұлшықет ауруы, бас айналу және безгек болуы мүмкін.
Өзге елдерде де COVID-19-ға қарсы вакцинациядан кейін қан тапсыруға болады. АҚШ-та мРНҚ немесе вирустық векторларға негізделген вакцина алған адамдар кез келген уақытта донор бола алады. Белсенді емес вакцинамен егілген адамдар қан мен оның компоненттерін тапсырмас бұрын екі апта күтуі керек.
Демек, КВИ қарсы егілген адамдар донор бола алмайтыны туралы хабарламалар фейк болып табылады. COVID-19 қарсы вакцина жасатқандарды АИТВ бар адамдарға ұқсатқан дұрыс емес.