Фейк: «Доктор Хамфрис вакциналардың денсаулыққа зиян тигізетінін дәлелдеді»
Әлеуметтік желілерде вакцинация адамның иммундық жүйесінің функцияларына қайшы келеді деп мәлімдеген доктор Сюзанна Хамфристың видеосы тарады. Сондай-ақ ол вакциналар құрамында иммундық реакцияны ынталандыру үшін қолданылатын алюминий бар болғандықтан қауіпті дейді. Бұдан басқа, вакциналар ағзаның жоғары сезімталдығын тудырады, сондықтан аллергия пайда болады, дейді Хамфрис. Төменде осы мәлімдемелерді талдап, олардың неге жалған екенін түсіндірейік.
Вакциналар инфекцияны имитациялайтындықтан иммундық жүйенің функцияларына қайшы келмейді. Бұл былай жұмыс істейді: вакцинада антиген, яғни екпеден кейін адам ағзасына енетін әлсіреген немесе өлтірілген вирус немесе бактерия. Иммунитет антигенге жауап береді және оған антиденелер қалыптастыра бастайды. Осыдан кейін иммундық жүйе вирусты есте сақтайды, егер ол ағзада қайта пайда болса, оны танып, жояды.
Бұл табиғи иммундау сияқты процесс. Вакцинацияланбаған адам ауырған кезде, ағза да вирусқа жауап бере бастайды. Ал адам жазылғаннан кейін иммунитет те пайда болады. Бірақ вакцинамен иммундау әлдеқайда қауіпсіз, өйткені бұл жағдайда адам ауыр және қауіпті ауруға шалдықпайды. Вакцина ағзаны ауру пайда болғанға дейін қорғайды.
Алюминийге келетін болсақ, бұл металл кейбір вакциналарда болады. Бұл адъювант, оны вакцинаға иммундық реакцияны күшейту үшін қосады. Алюминий адъюванттары А және В гепатитіне, АКДС (дифтерияға, сіреспеге және көкжөтелге қарсы) және тірі вирустар қолданылмайтын басқа препараттарда кездеседі.
Вакциналардағы алюминий мөлшерін Биологиялық препараттарды бағалау және зерттеу орталығы (CBER) реттейді. Ол вакцинаға байланысты өзгереді, бірақ бір дозада 1 миллиграмнан артық болмайды. Сондай-ақ нәрестелер алюминийді вакциналарға қарағанда тағамнан көбірек алады.
Өмірдің алғашқы алты айында нәресте вакциналардан шамамен 4,4 миллиграмм алюминий, ал емшек сүтімен тамақтан шамамен 7 мг немесе жасанды тамақтан 38 миллиграммға жуық алады.
Вакцинациядан кейін жоғары сезімталдық реакциялары болуы мүмкін, бірақ олардың көбі жеңіл болады. Жоғары сезімталдықтың қауіпті реакциялары, әдетте, бірнеше минут ішінде пайда болады және анафилаксия (сирек кездесетін және өмірге қауіпті аллергиялық реакция), есекжем және ангионеврологиялық ісіну түрінде көрініс табады. Бұл реакцияны антигеннің өзі (вирус) емес, қосымша компоненттер, атап айтқанда, жұмыртқаның сарысы, желатин, сүт және басқа қоспалар тудырады. Жедел реакция осы компоненттерге аллергиясы бар адамдарда болады. Бірақ барлық вакциналардан кейін анафилаксияның болу қаупі өте төмен, ол вакцинаның миллион дозасына шаққанда 1,31 құрайды.
Алайда, видеода доктор Хамфрис жоғары сезімталдыққа байланысты адамда бұрын болмаған, мысалы, жаңғаққа аллергияға пайда болуы мүмкін дейді. Бірақ бұл мәлімдеме дәлелсіз, өйткені вакцинациядан кейін жаңа аллергияның пайда болуын растайтын зерттеулер жоқ.
Сонымен қатар медицина саласында ақпаратты бағалаумен айналысатын Medika Life онлайн платформасы доктор Хамфристің мәлімдемелерін, жұмыстары мен ұсыныстарын денсаулыққа қауіпті деп санайды. Олар оны дәлелді медицинадан бас тартқан және гомеопатия мен псевдо ғылым әдістерін ұстанатын дәрігер деп санайды.
Демек, доктор Сюзанна Хамфристің барлық мәлімдемелері, сондай-ақ вакциналар денсаулыққа зиян келтіреді және адамдарға қауіпті деген пікірлер жалған. Вакцинация препараттарының қауіпсіздігі мен тиімділігі көптеген зерттеулермен тексерілген және дәлелденген.