ҚР ДСМ бірқатар фейк хабарламаны жоққа шығарды
Аудиожазбаларда белгісіз бір әйел «судың, оның ішінде диспенсерлік және бөтелкедегі, тәтті газдалған сусындардың уланғандығы», сондай-ақ «вирусолог-дәрігерлердің арнайы қонақүйге орналастырылғандығы және балаларды емдеу, оларды ауруханаларға жаппай қабылдау және реанимация бойынша арнайы хаттама әзірленгендігі» туралы айтқан.
«Балаларды емдеу және дәрілер тағайындау туралы хаттама берілді. Олардың барлығы (вирусологтар) қонақүйге орналастырылды. Қазір олардың барлығы қонақүйлерде тұрады. «Біз қонақ үйде тұрамыз» дейді, бізді туыстарымыздан бөліп алды және барлығын қонақтарды қабылдауға дайындайды. Масқара, Масқара, байқаңдар. Лимонад та, пепси-кола да, спрайт та ішпеңдер. Ештеңе», – делінген аудиохабарламада.
Осы автордың екінші хабарламасы туыстарына арналған. Онда ол «таныс вирусологтың айтуынша, жарты жыл бойы суды улайтыны» туралы айтылған.
«Кез келген диспенсер, кез келген су уланған. Ішпеңдер, қайнатыңдар. Су арқылы бәрін улайды. Сондықтан суды байқаңдар, жас балаларды, жастарды улайды. Реанимацияларда тіпті балаларға арналған бокстар да қойып жатыр. Абайлаңдар, жастарды байқаңдар. Үйден артық шықпасын», – дейді хабарлама авторы.
Stopfake редакциясы Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып, бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын анықтады.
«Азаматтарды осындай арандатушылыққа бой алдырмауға және мемлекеттік органдардың ресми парақшаларында жарияланған ақпараттарды оқуға үндейміз.
Денсаулық сақтау министрлігі барлық қабылданған шешімдер, оның ішінде бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулылары мен коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды емдеу хаттамаларына енгізілген өзгерістер туралы азаматтарды барынша жедел түрде хабардар етеді. Бұл ақпараттың барлығы қолжетімді», – деп мәлімдеді салалық ведомстводағылар.