Fake News

Фейк: «COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған адамдарға ұшақпен ұшу қауіпті»

Әлеуметтік желілерде тараған видеода COVID-19 қарсы вакцина алғандарға ұшақпен ұшуға болмайды деп ескертеді. Мұндай сапар салдарынан тромбоз немесе қан кетуі мүмкін екен. Бұл жалған.

Екпе салдырған адамдар үшін ұшу қаупі туралы дәрігерлер де, ғалымдар да айтпаған. Медицина өкілдері вакцинаның екінші дозасынан кейін екі-үш апта өткен соң ұшақ ұшуға кеңес береді. Бұл уақытта вакцинацияланған адамның ағзасында антиденелер қалыптасады. Сондай-ақ, мамандар егілген туристерді шамадан тыс немқұрайлылық танытпауға шақырады – вакцина алғанына қарамастан, саяхатшылар маска тағып, адамдар көп жиналатын жерлерде әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек.

Мамандар ұшу кезінде вакцинацияланған адамдарда тромбоз немесе қан кету қаупі артатыны туралы айтқан жоқ. Бұл миф Желінің ағылшын тілді сегментінде шыққан. Пайдаланушылардың айтуынша, әуе компаниялары жаппай өлімнің алдын алу үшін екпе алған адамдарға ұшуға тыйым салады. Бұл теорияны тәуелсіз фактчекерлер жоққа шығарды. Әуе тасымалдаушылар да мұндай шектеулер қарастырылып жатпағанын жеткізді.
Ағымдағы жылдың 8 сәуірінде рейс жасаған Qatar Airways бортында болған барлық жолаушылар мен қызметкерлер толығымен егілгендер. Ұшу кезінде және қонғаннан кейін тромбоз немесе қан кету жағдайлары туралы хабарланбаған.
Басқа әуе компаниялары да COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған туристерді тасымалдауға дайын екендігі туралы хабарлады. АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығы вакцинацияланған адамдарға ұшуға ресми түрде рұқсат берді. 
Көптеген елдер, соның ішінде ЕО мемлекеттері COVID-19 қарсы вакцина алған туристерді қабылдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Демек, вакцинацияланған адамдар үшін ұшу кезінде тромбоз туындау қаупі бар екендігі туралы хабарламалар фактілермен расталмаған қауесет. COVID-19 қарсы вакцина салдырған адамдар ұшақпен сапар жасауда және ұшу кезіндегі тромбоз немесе қан кетулер туралы хабарламалар түскен жоқ. Әуе компаниялары вакцинацияланған саяхатшыларды тасымалдауға дайын, ал көптеген елдер вакцинацияланған туристер үшін өз шекараларын ашатынын хабарлады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button