Нобель сыйлығының лауреаты COVID-19 қарсы вакцинасалдырғандар екі жыл ішінде өледі деп мәлімдеген жоқ
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде француз вирусологы, Нобель сыйлығының лауреаты Люк Монтаньенің мәлімдемесі тарады. Ол COVID-19-ға қарсы вакцина салдырғандардың барлығы алдағы екі жылда қайтыс болады деп мәлімдеген екен. Бұл жалған.
Люк Монтаньенің француз тіліндегі бейне сұхбаты қазір орыс тіліндегі мәтінмен таратылып жатыр. Онда «вакцинацияланған адамдардың бәрі 2 жыл ішінде өледі», «олар тірі қалмайды», сондықтан «мәйіттерді кремациялауға дайындалу керек» делінген.
Видеоның түпнұсқасы Rair порталында жарияланған, ол ағылшын тіліндегі субтитрлермен берілген. Вакцинацияланған адамдардың жақында қайтыс болатыны және жаппай кремация туралы мәлімдемелер бейненің түпнұсқасында жоқ. Порталда, авторлар вакцинацияланғандардың өлімін болжамағанын атап өткен вирусологтың сұхбатына егжей-тегжейлі түсіндірмелер берілген жеке мақала да жарияланған.
Алайда, Нобель сыйлығының лауреаты вирустың мутациясы вакцина қолданудың нәтижесі және жаппай вакцинацияның басталуы өлім-жітімге әкелді деген пікірлерін жеткізді. Бұл мәлімдемелер дұрыс емес.
Біріншіден, вирустар вакциналардың әсерінсіз-ақ табиғи ортада мутацияға ұшырай алатындығы ғылыми дәлелденген.
Екіншіден, жаппай егу науқаны өлім-жітімнің артуымен байланысты емес. Оның үстіне, қазіргі кезде барлық елдерде COVID-19 болатын өлім-жітім статистикасының төмендеуі байқалады.
Люк Монтанье ғылыми дәлелденген фактілерге қайшы келетін идеяларды бұған дейін де таратқан болатын. Ол аутизм спектрі бұзылған балаларды клизмамен емдеуге болады деп мәлімдеп, гомеопатия мен ДНҚ телепортациясына қолдау білдірген.
Сонымен қатар, Монтанье SARS-CoV-2 коронавирусының құрамында АИТВ генетикалық материалы бар деген идеяның авторы. Бұл неге шындыққа жанаспайтынын бұған дейін түсіндірген болатынбыз.