2023 жылдың қаңтарынан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету туралы ақпарат – фейк
Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Қазақстандағы әйелдер 2023 жылдың қаңтарынан бастап 58 жастан зейнетке шығатыны туралы ақпарат таратылуда. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Қазақстандықтар WhatsApp мессенджерінде белгісіз бір әйелдің дауыстық хабарламасымен бөлісуде. Автордың айтуынша, оның елордалық танысы үкіметте келесі жылдан бастап елімізде әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету туралы жарлық бекітіліп, қол қойылғанын айтқан. Сондай-ақ, 58 жасқа толған әйелдер автоматты түрде зейнетке шығады екен.
Әр түрлі жастағы әйелдердің еңбек өтілін есептейтін осы сияқты хабарламалар әлеуметтік желілерде тарады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз сайтында мұндай мәлімдемелерге ресми жауап жариялады.
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде ҚР Президентінің Жарлығымен 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 58 жасқа дейін төмендетілетіні туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.
Естеріңізге сала кетейік, әйелдердің зейнетке шығуының заңнамамен белгіленген жасы халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулер нәтижелері мен ұзақ мерзімді өзекті болжамдарға негізделген, халықаралық практикаға және әлемдегі қалыптасып отырған экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келеді. Бекітілген жас мөлшері базалық және ортақ зейнетақылар мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдерді ескере отырып, қазақстандық әйелдер құрметті демалысқа шыққаннан кейін барабар зейнетақы төлемдерін қалыптастыру қажеттілігіне негізделген» – делінген ведомство хабарламасында.