Fake News

Фейк: «КВИ қарсы вакциналарда қауіпті металдар мен ұйқы ауруын тудыратын паразиттер табылды»

Қазнет қолданушылары «ультражетілдірілген» құрылғылар ғалым Роберт Чжанға КВИ қарсы вакциналардың шынайы құрамын анықтауға көмектескені туралы ақпарат таратуда. Хабарламаға сәйкес, ол графен оксидін, денсаулыққа қауіпті бірқатар металдар, нано бөлшектер және трипаносомалар – ұйқы ауруын тудыратын паразиттер тапқан. Бұған ешқандай дәлел жоқ.

Айте кетейік, мұндай маңызды жаңалық шынымен ашылса және оған нақты дәлелдер болса, онда бұл туралы БАҚ жарыса жазатын еді. Алайда, мұндай ақпарат жоқ.

Желіде Роберт Чжанның жаңалығын дәлелдейтін ғылыми зерттеулер де жоқ. Оның вакциналардың құрамына қатысты жазған мақалалары PubMed порталында да, BMJ, Nature, The Lancet және New England Journal of Medicine ғылыми журналдарында да жоқ.
Демек, оның жаңалық ашқаны туралы хабарламалар тек мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде ғана тараған,яғни, дәлелдер де, оларға сенуге негіз де жоқ.
Сонымен қатар, вакциналардағы графен оксиді мен металдар туралы теориялар бірнеше рет теріске шығарылған болатын. 

Pfizer/BioNTech шығарған COVID-19 қарсы вакциналарда трипаносомалық паразиттер бар деген пікір ғылым мен ақылға қайшы келеді. Трипаносомалар, басқа паразиттер сияқты, жеке тіршілік ете алмайды. Олар сона және басқа да ірі жәндіктер арқылы омыртқалы жануарларға жұғады. Бұл паразиттер қан мен цереброспинальды сұйықтықта ерітілген органикалық заттармен қоректенеді. Демек, олар оттегісіз, жарықсыз және қорексіз вакцина құтысында тіршілік ете алмайды. Сонымен қатар, Pfizer/BioNTech шығарған вакцина -70 градус Цельсий өте төмен температурасында сақталып, тасымалдануы керек. Олай болса, вакциналарға трипаносомаларды қосудың мағынасы жоқ, өйткені олар құтыда тіршілік ете алмайды.
Хабарламада ғалым вакциналардан «ультражетілдірілген» құрылғылардың көмегімен анықтаған басқа компоненттер туралы айтылады. Алайда, олардың ешқайсысы препараттардың ресми құрамында жоқ.
Вакциналардың құрамымен толығырақ мына жерден танысуға болады:

Pfizer/BioNTech;
Moderna;
Janssen;
Astra-Zeneca;
Sputnik V;
Hayat-Vax (Sinopharm);
QazVac;
CoronaVac;
Vero Cell.

Дәрі-дәрмектердің барлық ілеспе құжаттарын, соның ішінде құрамдарын көрсетуді ДДСҰ мамандары мен вакцинаны мақұлдаған елдердің үкіметтері тексерді.
Сондай-ақ, вакцинацияға қарсы адамдар вакциналардан табылған заттар туралы таратқан хабарламалар бір-біріне қайшы келетіндігіне назар аударғанымыз жөн. Бұған дейін олар екпеден гидра, нейрожелі қалыптастыратын нанобөлшектер, ауыр металдар, аламанның бүйрегін, иттің, сиыр мен маймылдың қанын және басқа да ингредиенттер «тапқан». Бұл ретте вакцинаның дозасы адам үшін өте аз және бір миллилитрден аз. Барлық препараттар тұнба мен қоспасыз мөлдір сұйықтық болып табылады. Осылайша, егер жоғарыда аталған барлық жұмбақ компоненттер шынымен вакциналардың құрамында болса, онда олар құтыда бірден көрініп тұратын еді.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, вакциналарда металдар, паразиттер және графен оксиді болады деген пікірлер негізсіз және ешқандай дәлел жоқ. Вакциналардың құрамына кіретін барлық ингредиенттер Желіде жарияланған және құпия емес.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button