Fake News

Қандай елдермен әуе қатынасы жанданады – StopFake топтамасы

Коронавирус пандемиясының әсерінен барлық саладағы, әсіресе туристік сферадағы басымдықтар өзгерді. Адамдар ұшуға болатын елдердің тізімін жасап, әуежайға қонған кезде қандай құжаттар қажет болатыны туралы мәліметтер жинауда. Желіде қазақстандықтардың шет мемлекеттердегі қозғалысы туралы фейк ақпарат та тарап жатыр. Сондықтан StopFake бір мақалада барлық ресми дереккөздерді ұсынғанды жөн көрді.

Кеңінен танымал туристік бағыттардың бірі – Біріккен Араб Әмірліктері
Бүгін, 17 тамызда, Air Astana-ның алғашқы рейсі Алматыдан жолға шықты, ал 19 тамызда осы бағыт бойынша FlyDubai әуе компаниясының рейсі ұшады.

«Арабтар қойған талаптар мынадай: арнайы зертханада ПТР-тест тапсыру және ұшуға дейін 96 сағаттың ішінде оны араб немесе ағылшын тіліне аудару. БАӘ қонған соң әуежайда тегін қосымша экспресс тест тапсыру керек», – деп атап өтті турфирма өкілі Оксана Ли.

 

Араб Әмірліктері эпидемияологиялық ахуалы аса қауіпті елдерге қатысты осындай шешім қабылдап отыр. Бұл тізімге Қазақстан да енді. 12 жасқа дейінгі балалар мен орта және ауыр деңгейдегі мүгедектігі бар жолаушылар тестілеуге жатпайды.

БАӘ бармас бұрын не істеу керек:

  • Денсаулығыңыз жайлы декларация нысанын басып шығарып, толтырыңыз, бұл денсаулығыңызға байланысты ұша алатыныңызды, БАӘ әрекет ететін туристік сақтандырудың бар екендігін растайды. Бұл нысан Дубайға ұшып келген кезде Дубайдың Денсаулық сақтау басқармасына жіберілуі тиіс.
  • Міндеттеуші нысанды басып шығарып, толтырыңыз, ол Сіздің COVID19 – DXB Smart App қосымшасын жүктейтініңізді және қажет болған жағдайда өзін-өзі оқшаулау ережесін сақтауға міндеттелетініңізді растайды. Бұл нысан Дубайға ұшып келген кезде Дубайдың Денсаулық сақтау басқармасына жіберілуі тиіс.
  • COVID19 – DXB Smart App ( Apple App Store немесе Google Play Store-дан) жүктеп алып, Дубайға сапар жасамас бұрын Дубайдың Денсаулық сақтау басқармасында тіркеліңіз.

«Бұған дейінгі ақпаратқа сәйкес, Қазақстанға ұшып келгеннен кейін әр адам екі сағаттың ішінде COVID-19 анықтау үшін тағы да бір тест тапсыруға тиіс болатын. Ал қазір ондай тестті тапсырудың қажеті жоқ», – деп түсіндірді туристік компанияның өкілі.

Түркия

1 қыркүйектен бастап Түркиямен әуе қатынасы жанданады. Бұл туралы 14 тамызда түркиялық Andololu Agency ақпарат агенттігі хабарлады.

«20 маусымда қалпына келтірілген, бірақ вирусты жұқтыру жағдайларының күрт артуына байланысты 4 шілдеде қайта тоқтатылған әуе қатынасы 1 қыркүйектен бастап жандандырылады», — деп хабарлады түркиялық агенттік.

Айта кетерлік жайт, ПТР-тест тапсырудың қажеті жоқ.

Мысыр

Қазақстандықтар 14 қыркүйектен бастап мысырлық курорттарда да демала алады. Ұшуларды Sunday Airlines жүзеге асырады.

«Нұр-Сұлтан – Шарм-Эль-Шейх» және «Алматы – Шарм-Эль-Шейх» бағытындағы тікелей рейстер аптасына екі рет ұшады. Қазақстандықтар үшін алдын ала ПТР-тест тапсыру міндетті емес, бірақ қайтып оралғаннан кейін термометрия мен сауалнамадан өту қажет»,- деп түсіндірді туркомпания өкілі.

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайтында жазылғандай, 2020 жылдың 17 тамызынан бастап Беларусь Республикасы, Германия, Нидерланд, Мысыр, Украина және Ресей Федерациясы сияқты елдермен әуе қатынастары кезең-кезеңмен қалпына келтіріледі. Бұл ретте Ресейге ұшу үшін ресейлік тараптың рұқсаты керек.

 

Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайтында ұшып келгеннен кейін шектеу шаралары қолданылатын елдердің үш санаты белгіленген.

1: Ресей, ҚХР, Чехия, Малайзия, Оңтүстік Корея, Жапония, Таиланд, Венгрия, Үндістан, Германия, БАӘ, Беларусь, Түркия, Мысыр, Грузия, Украина, Нидерланд.

Осы елдерден оралғаннан немесе қайтып келгеннен кейін термометрия мен сауалнамадан өтуіңіз керек.

2: Өзбекстан, Польша, Тәжікстан және Үшінші санаттағы елдерден жүйелі емес рейстер (эвакуациялық және чартерлік).

Термометрия мен сауалнамадан өту керек және ПТР әдісімен COVID-19 анықтау бойынша тест тапсыру керек.

Бұл жерде екі мүмкіндік бар: талдау тапсыру немесе Қазақстанның шекарасын кесіп өткенге дейін, бірақ 5 тәуліктен аспайтын уақыт ішінде вирусты жұқтырмағаныңыз туралы анықтаманы ұсыну; не болмаса, келген күннен бастап 48 сағаттың ішінде зертханалық тексеруден өту. Бұл жағдайда екі апталық карантинге оқшаулану керек.

Үшінші санат – қалған мемлекеттердің барлығына жүйелі авиарейстерге тыйым салынған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button