Fake News

Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналарда чиптер бар»

Мессенджерлерде ресейлік ғалым-экономист, профессор, Валентин Катасоновтың сұхбаты таратылуда. Оның айтуынша, кейбір «ақша иелері» COVID-19 қарсы вакциналардың барлығына адамдарды бақылауға мүмкіндік беретін электронды чиптер қосады. Бұл растауы жоқ конспирологиялық теория.

Адамдарды жаппай чиптеу теориясы COVID-19 пандемиясы басталғалы кеңінен тарауда. Конспирологтардың пікірінше, бақылау құрылғыларын вакцина түрінде білдіртпей енгізуге болады. Алайда, бұл гипотезада ғаламшардағы жеті миллиардтан астам адамның барлық қозғалыстарын бақылау не үшін керек және бұл мәліметтермен не істеу қажет деген сұраққа жауап жоқ.
Адамның терісінің астына енгізуге болатын чиптер қазірдің өзінде бар. Олардың көлемі күріштің дәніндей ғана және оларды вакцина түрінде «жасыру» мүмкін емес. Сонымен қатар, бұл құрылғылар тері астына емес, бұлшық етке салынады.
Ендірілген электрондық чиптер домофон жүйелерінің немесе электрондық құлыптардың кілттері сияқты жұмыс істейді. Оларда кіріктірілген GPS трекерлері жоқ, яғни чиптер иесінің қозғалысын бақыламайды және бұл ақпаратты біреулерге жібере алмайды.

Адамдарды чиптеу: шынайылық пен қиял

Құрылғылар интернетке қосылып, деректерді жібере алуы үшін оларды чиптің өзі қосылатын жиіліктің толқын ұзындығына көбейтілген антеннамен жабдықтау қажет. Бұл, өз кезегінде, бүкіл құрылғының көлемін ұлғайтуға әкеледі, сондықтан оны жіңішке инемен енгізу мүмкін емес.
Мұнымен қоса, қастандық теориясында қолданылып жүрген және әлі де әзірленіп жатқан вакциналардың саны ескерілмеген. ДДСҰ мәліметтері бойынша, қазіргі кезде 92 препарат клиникалық сынақ сатысындан өтіп жатыр, сондай-ақ, 184 вакцина клиникаға дейінгі сатыда. Олар әртүрлі елдерде әртүрлі технологиялар бойынша жасалуда. Препараттардың мөлшері, сақтау температурасы, сақтау мерзімі және құрамы әртүрлі. Яғни, олардың әрқайсысына микрочип қосу және оның әр түрлі ортада жақсы жұмыс істей алады деп ойлау дұрыс емес.
Айта кетейік, профессор Катасонов бұған дейін де конспирологиялық теорияны шындық ретінде ұсынған. Ғалымның «О проценте: ссудном, подсудном, безрассудном» атты кітабы шыққаннан кейін оның әріптесі, заң ғылымдарының кандидаты, Ресей Ғылым академиясының Африка институтының аға ғылыми қызметкері Ренат Беккин автордың конспирологияға деген құштарлығын, мамандарға белгілі тарихи фактілер жайлы айтпауын және берілген схемаға дәлелдер таңдауын, ғылыми емес дереккөздерге сүйенетінін, кітапта қойылған міндеттерді шешудің утопиялық экономикалық «рецептілерін», сондай-ақ, мәтіннің қисынсыз екендігін атап өтті.
Қорыта айтқанда, профессордың жаппай чиптеу туралы мәлімдемесіне ешқандай дәлел жоқ. Ол сипаттаған технологиялар бүгінгі күні жоқ, ал оларды қолданудың гипотетикалық салалары белгісіз.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button