Фейк: «Вакцинация – бұл генетикалық эксперимент»
Қазнетте COVID-19 қарсы вакцинация – бұл генетикалық эксперимент деген хабарлама таралып жатыр, өйткені бұл ауруға қарсы вакциналар мРНҚ платформасында жасалған. Хабарламада доктор Долорес Кэхиллдің вакциналар көп адамның өліміне әкеледі деген сөздері келтірілген. Бұл олай емес.
Долорес Кэхилл – Дублин университеті колледжінің бұрынғы профессоры және Ирландияның Бостандық партиясының төрайымы. Ол COVID-19 пандемиясы туралы көптеген фейк жаңалықтардың авторы. Атап айтқанда, Долорес Кэхилл әлемде пандемия мүлдем жоқ, ал COVID-19 қарсы вакцинаның клиникалық сынақтарына қатысушыларға АИТВ жұқтырылды деп мәлімдеді. Үстіміздегі жылдың маусым айында COVID-19 туралы жалған мәлімдемелерге байланысты Еуропалық Одақтың ғылыми комитетінен шығарылды. Бұл туралы ол желіде жазған.
Дегенмен, Долорес пандемия мен вакцинация туралы жалған ақпарат таратуды жалғастыруда. Қазақстандықтар талқылаған хабарламада, ол мРНҚ-вакциналар генетикалық эксперимент болып табылады, соның нәтижесінде егілген адамдарда аутоиммундық ауру өршитіні туралы айтқан. Бұл мәлімдеме негізсіз.
мРНҚ вакциналарды зерттеу 1990 жылдардың басында қолға алынған. Алғашқы нәтижелердің қанағаттанарлықсыз болғаны рас, бірақ одан әрі технология жетілдірілді. Сонымен қатар, жаңа технологиямен жасалған алғашқы препараттар сыналған жануарлардың 100% өлді деген деректер жоқ.
Қазіргі кезде COVID-19-ға қарсы мРНҚ вакциналары клиникалық сынақтардан сәтті өтті және қауіпсіз деп танылды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, вакцина алған еріктілердің 1%-ында және плацебо алған қатысушылардың 1%-ында ауыр жанама әсерлер болды. Олардың ішінде, вакцинацияға дейін «сұлулық инъекцияларын» жасаған қатысушының беті ісінген, бақыланбайтын құсу және т.б. бар.
Еріктілердің ешқайсысында аутоиммундық ауру өршімеген.
Сондай-ақ, қазақстандықтарды мРНҚ препараттарымен вакцинациялау жоспарланбағанын атап өткеніміз жөн. Ел тұрғындарына COVID-19 қарсы аденовирустық векторға негізделген ресейлік «Спутник-V» вакцинасы егілуде.