Манипуляция: «Спутник-V» вакцинасының клиникалық сынақтарына 76 адам қатысқан»
Telegram мессенджерінде Қазнет пайдаланушылары ресейлік биолог Елена Калле жазған бейнероликті талқылауда. Оның айтуынша, препараттың клиникалық зерттеулеріне барлығы 76 адам қатысқан, ал жанама әсерлер тек 48 күн бойы ғана бақыланған. Бұл олай емес.
Елена Калле – ресейлік биолог, COVID-19 пандемиясы кезінде өзінің ерекше мәлімдемелерімен танымал болды. Бұған дейін біз оның «Спутник-V» вакцинасын енгізгеннен кейін адам ағзасы вирустарды шығара бастайды деген пікірін жоққа шығарған болатынбыз.
Бұл жолғы видеода ол The Lancet журналында вакцинаның клиникалық сынақтарының бірінші және екінші кезеңдері туралы жарияланған мақаладан дәйексөз келтіреді. Бұл ретте Елена барлығы үш фаза болғаны туралы айтпайды. Ал үшінші фаза, әлемдегі кез келген басқа вакциналардағыдай, ең ауқымды. Бұл туралы есеп те The Lancet журналында да жарық көрген.
Елена Калленің айтуынша, ресейлік вакцинаның клиникалық сынақтары «алтын стандартқа» сәйкес болмаған, яғни ол «соқыр» түрде өткізілмеген. Демек, қатысушылар вакцина немесе плацебо алғандарын алдын ала нақты білген. Клиникалық зерттеулердің алғашқы кезеңдерінде мұндай тәсіл қолданылады.
Ең ауқымды үшінші кезеңде сынақтар «соқыр» түрде өткізілді және оған 25 аурухана мен емханада 33 758 адам қатысты. Қатысушылар мен олардың жағдайын бақылау 180 күнге созылған. Сынақтар туралы есеп Clinicaltrials.gov. порталында жарияланған.
Дәл осындай мәліметтер ағымдағы жылдың 2 ақпанында The Lancet журналында жарық көрген клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңіне арналған мақалада ұсынылған.
20 ақпанда мақаланы мамандар қарап, мақұлдады және сол күні журналда «Спутник-V» – бүгінде әзірленген COVID-19 қарсы әлемдегі ең тиімді және қауіпсіз вакциналарының бірі екендігі туралы вакцинаға пікір жарияланды.
2021 жылғы 13 сәуірдегі жағдай бойынша «Спутник-V» әлемнің 60 елінде авторизацияланған. Ресей Еуропалық Одақта вакцинаны мақұлдау туралы өтінішті қаңтар айында берген, ал ЕО-ның кейбір мемлекеттері оны қолдануды бұдан ерте мақұлдаған, мысалы Венгрия мен Словакия. Германия да Ресейден осы вакцинаны сатып алу туралы келіссөздер жүргізуде.
Қорыта айтқанда, ғылыми қауымдастық «Спутник-V» препаратының тиімділігі мен қауіпсіздігіне күмән келтірмейді. Клиникалық сынақтар, әсер ету механизмі және вакцинаның әзірлеу барысы туралы толық ақпаратты sputnikvaccine.com ресми сайтынан табуға болады.
Елена Калле бейнеде келтірген деректер толық емес және контекстен үзіп алынған, бұл оларға сүйене отырып, қандай да болмасын қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді.