Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналардың зияны ресми түрде мойындалды»
Желіде әйгілі америкалық конспиролог Алекс Джонстың видеосы таралды. Ол COVID-19 қарсы вакциналардың зияны ресми түрде мойындалды деп мәлімдейді. Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы мен АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институты дәрі-дәрмектің жанама әсерлерін жасырған, ал енді олардың қауіптілігі туралы ашық айтады екен. Мұның бәрі өтірік.
Алекс Джонс деген кім және оның сөздеріне сенуге бола ма? Бұл белгілі конспиролог және жалған ақпарат тарататын InfoWars жаңалықтар платформасының иесі. Джонс 2022 жылы АҚШ-та Коннектикутта Сэнди Хук бастауыш мектебінде болған атыс салдарынан қаза тапқан балалардың ата-аналары сотқа бергеннен кейін бүкіл әлемге «танымал болды». Сот ісіне Джонстың атыстың қойылым болғаны, ал қайтыс болған балалар мен қайғырған ата-аналарды актерлер сомдаған деген көпшілік алдында бірнеше рет жасаған мәлімдемесі түрткі болды. Сот конспирологты жала жапқаны үшін айыпты деп танып, марқұмдардың отбасыларына жалпы сомасы бір жарым миллиард доллар төлеуге міндеттеді.
Яғни, Алекс Джонстың пайымдауларына сенуге болмайтыны анық.
Енді ол роликте келтірген кейбір тезистерге тоқталайық. Джонс өз сөздерін дәлелдеу үшін экранда вакциналардың «зияны» туралы жаңалықтар порталдарының тақырыптарын көрсетеді.
Олардың біріншісі АҚШ Ұлттық жүрек, өкпе және қан институтының сайтынан алынған. 2022 жылғы 29 желтоқсандағы мақалада COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған адамдарда өте сирек жағдайларда постуральды ортостатикалық тахикардия синдромы (ПОТС) болуы мүмкін екендігі айтылған. Оның белгілері: бас айналу, әлсіздік және жүректің соғуы. Ол емделеді және салдары болмайды. Осы мақалада COVID-19-бен ауырған, бірақ оған қарсы вакцинацияланбаған адамдарда ПОТС бес есе жиі кездесетіні айтылған.
Одан әрі CNN жаңалықтар порталынан түсірілген скриншот ұсынылған. Бұл мақалада Moderna компаниясы препаратының бустерлік дозасымен егілгеннен кейін ауру жұқтыру жағдайлары туралы деректерді ұсынбағаны туралы айтылады. Осыған байланысты кейбір вакцинация бойынша кеңесшілер бустерлік доза оған дейін әзірленген және сыналған екі негізгі дозадан әлдеқайда тиімді болмауы мүмкін деп пайымдайды. Мәтінде вакциналардың қауіптілігі немесе олардың сынақтары туралы жалған мәліметтер жоқ.
Содан кейін Джонс өзінің InfoWars веб-сайтынан алынған тақырыптарды көрсетеді, онда жарияланған материалдардың сенімділігі өте төмен болғандықтан оған сенбеген жөн.
Сондай-ақ роликте «CDC, FDA Pfizer-дің бивалентті екпесі мен инсульт арасындағы ықтимал байланысты байқады» деген тақырыппен Politico сайтының скриншоты көрсетілген. Алайда, оның астында аталған агенттіктердің пікірінше, вакцинаның «шынайы клиникалық қаупінің» болуы «екіталай» деп жазылған. Сонымен қатар агенттіктер қарастырған мәліметтерді растамады және олар тек 65 жастан асқан адамдарға ғана қатысты болды.
Одан кейін ұсынылған FoxNews порталының скриншоты Politico-дағы алдыңғы материалда сипатталған деректер туралы мақалаға қатысты.
Тақырыптарды көрсеткеннен кейін Алекс Джонс мРНҚ вакциналарының зияны туралы 2014 жылы SARS-қа қарсы препарат сыналған кезде мәлім болғанын айтады. Сол кезде қолданылған дәрі-дәрмек жүрек проблемаларын тудырып, тромбтардың пайда болуына себеп болған екен. Бұған «дәлел» ретінде ол PubMed порталындағы ғылыми мақаланың тақырыбын көрсетеді. Біз бұл еңбекті еш қиындықсыз таптық. Егжей-тегжейлі қараған кезде Джонстың сөздерінің оған ешқандай қатысы жоқ екені анықталды. Бұл жұмыста мРНҚ препараты емес, күзендер мен адам тәрізді емес приматтарда сыналған инактивацияланған тұтас вирустық вакцина жайлы жазылған. Кейбір егілген жануарларда өкпе ауруы дамыған. Бұл препарат адамдарда сыналмаған.
Жоғарыда айтылғандардың барлығын қорытындылайтын болсақ, Алекс Джонс келтірген бірде-бір мақаласында COVID-19 қарсы вакциналардың қауіпті екендігі немесе олардың зерттеу нәтижелерін адамдардан жасырғандығы туралы айтылмайды. Демек, оның видеода айтқанының бәрі өтірік және фактілерді бұрмалау болып табылады.