Fake News

Фейк: «Вакциналау салдарынан жүктілікті тоқтату жағдайлары 366% артқан»

Telegram мессенджерінде қазақстандықтар COVID-19-ға қарсы вакцинация науқанының басталуымен түсік тастау саны 366% өскені туралы хабарлама таратуда. Бұл туралы британдық Daily Expose басылымы жазған екен. Бұл жалған.


Түсік тастау жағдайларының жиілегені туралы ақпарат вакциналардың ықтимал жанама әсерлерін қадағалайтын Дәрі-дәрмек пен медициналық тауарларды реттеу басқармасы (MHRA) дайындаған апта сайынғы есептерден алынған. Екпе жасатқан адамдарда вакцинациядан кейін туындаған барлық жағдайлар, олардың вакцинадан немесе созылмалы аурулар мен патологиялардың белгілері болғанына қарамастан, статистикаға енеді. Бұл аурулардың вакцинамен байланысы бар-жоғын мамандар кейін анықтайды.
Түсік тастау жағдайларының артуы туралы мәлімдеменің авторы контекстен тыс деректерді пайдаланады. Ол әлем бойынша, атап айтқанда Ұлыбританияда вакцина алғандардың көбейгенін ескермейді.
– «Жүктілік кезінде COVID-19 қарсы вакцинаның әсеріне байланысты түсік тастау қаупінің жоғарылағанын көрсететін деректер жоқ. COVID-19 вакцинасының алғашқы дозасын алған адамдар саны алты апта ішінде 1 340 043-тен 4 322 791 дейін өсті. Олардың кем дегенде жартысы әйелдер, сондықтан вакцина алған бала туу жасындағы әйелдер саны осы уақыт аралығында 665 424-тен 2 146 866-ға дейін артқан», – деді MHRA өкілдері Reuters басылымына.
Қорыта айтқанда, Ұлыбританияда түсік тастаудың статистикалық проценті вакцинация науқаны басталғанына қарамастан өзгермеген. Есептерде көрсетілген көрсеткіштер екпе алған әйелдер санының, соның ішінде жүктілердің артуынан шыққан.
Бұл ретте әйелдердің препаратты қабылдау кезінде өз жағдайлары туралы білгені жайында мәліметтер жоқ.
Екпе жасатқан әйелдер арасындағы түсік тастау статистикасы COVID-19 қарсы мүлдем вакцина алмағандар арасында жүктілігі жайсыз аяқталған жағдайлар санынан артық емес. Осылайша, вакцинаның бала туу қабілетіне зиянды әсері туралы жарияланымда келтірілген көрсеткіштер дұрыс емес.
Айта кетейік, мақалада Astra-Zeneca және Pfizer / BioNTech шығарған вакциналар туралы айтылған. Қазақстанда олардың бірде-біреуі қолданылмайды. Елімізде халыққа «Спутник-V» препараты егіледі. Бүгінгі күні екпенің бала көтеруге әсері туралы деректер жоқ. Сол себепті жүктілік вакцинацияға қарсы көрсеткіш болып табылады.
Демек, таратылған мақалада көрсетілген ақпарат жалған болып табылады және контекстен тыс деректерге негізделген. Оның үстіне, оның Қазақстанға қатысы жоқ, өйткені аталған препараттар біздің елде қолданылмайды.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button