Сингапурда фейк жаңалықтармен күрес туралы заң қалай қолданылады
Әлемд бойынша ең төменгі қылмыс деңгейлерінің бірі Сингапурда тіркелген. Себебі, елдегі заңдар қатал. Қала-мемлекет фейкпен қалай күреседі, StopFake.kz-тен оқыңыз.
Заңдар
Сингапурда бұқаралық ақпарат құралдары үкіметтің қатаң бақылауында. 2019 жылы билік фейк жаңалықтармен күрес туралы заң қабылдады. 1974 жылдан бері қолданылып келе жатқан Баспасөз туралы актіге сәйкес (the Newspapers and Printing Presses Act), егер жарияланған ақпарат бұрмаланды деп пайымдауға негіз болса, мемлекет баспа басылымдарының, оның ішінде шетелдік басылымдардың да таралымын шектей алады.
Жалған ақпаратпен күрес туралы заңда қасақана фейк ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ол мемлекеттік органдарға өз қарауына қарай барлық интернет-платформалардан бұрыс деп тапқан кез келген мәліметтерді жоюды талап ету құқығын береді.
«Интернеттегі фейк ақпаратпен және манипуляциядан қорғау туралы» заңға сәйкес, ақпарат «Сингапурдың қауіпсіздігіне, қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық тыныштыққа немесе Сингапурдың басқа елдермен достық қарым-қатынасына нұқсан келтіреді» деп саналған жағдайларда «фейк ақпарат» таратуға тыйым салынады.
Билік ірі технологиялық компанияларға жалған ақпарат таратқан тіркеулік жазбаларды немесе сайттарды бұғаттауды бұйыра алады.
Заң тек онлайн форумдарға ғана емес, сондай-ақ мессенджерлердегі жеке хабарламаларға да қатысты қолданылады.
Жаза
Құжатта заң бұзушыларды 36 000 долларға дейін айыппұл салу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер жаңалық «жалған тіркеулік жазбаны қолдана отырып немесе боттың бақылауымен» жарияланса, жалпы айыппұл мөлшері 73 000 долларға дейін жетеді және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. «Жалған жаңалықтар» таратқаны үшін айыпты деп танылған компанияларға 735 000 долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Facebook Сингапур үкіметінің өтінішімен алғаш рет пайдаланушы постының астына жарияланымда жалған мәліметтер бар деген хабарлама жазды.
Сонымен қатар, заңға сәйкес, Facebook States Times Review сайтына кіруге тыйым салды. Сингапур билігі State Times Review (STR) қаңтар айында Facebook-те «Сингапурда маскалар бітіп қалды деп жалған ақпарат таратты» деп мәлімдеді. Мақала коронавирустың таралуының қазіргі жағдайына байланысты жазылды.