СұхбатМедициналық фейктер

Биологиялық белсенді қоспалар: аңыз бен ақиқат

Биологиялық белсенді қоспаларға (одан әрі – ББҚ) дәрігерлердің де, пациенттердің де көзқарасы әртүрлі. Олар ағзадағы қажетті элементтерді толтыру үшін ұсынылады және тағайындалады. Алайда, көп жағдайда биологилық қоспалар емдейді деп жатады. Олардың қайсысы емдейді, қайсысы қауіпті болуы мүмкін? Бұл туралы Stopfake.kz-ке Қарағанды медицина университетінің нутрициология кафедрасының профессоры, 30 жылдық өтілі бар нутрициолог Светлана Плясовская айтып берді.

– Светлана Владимировна, әдетте биологиялық белсенді қоспаларды табиғи, «химиясыз» зат деп ұсынады, жарнамалайды. Шын мәнінде, ББҚ неден жасалады? Олардың бәрі табиғи ингредиенттерден тұра ма?

– ББҚ – бұл тағамдық биологиялық белсенді қоспалар, ол шығу тегі әртүрлі заттардың мол ассортиментін қамтиды. Бұл табиғи, синтетикалық және химиялық қосылыстар болуы мүмкін. Қазіргі кезде, мысалы, тағамның энергетикалық қасиеттерін жақсартатын немесе ақуыз мөлшерін арттыратын қоспалар көп. Заманауи биохимия жетістіктеріне негізделген ББҚ да бар. Мысалы, спорттық қоспалар. Олардың құрамында тағамның биологиялық құндылығын арттыратын немесе ағзаның өзінде болатын биохимиялық процестерді жақсартатын жасанды синтезделген заттар болады.

– Дәрумендер мен ББҚ, екеуі бір ме?

– дәл солай. Барлық минералдар мен дәрумендер еліміде ББҚ ретінде тіркеледі. Құрамында полиқанықпаған май қышқылдары бар, балық майы – осының барлығы полиқанықпаған қышқылдардың жетіспеушілігін толтыратын биологиялық белсенді тағамдық қоспалар. Бүгінде мұндай тапшылық бәрінде бар.

– ББҚ-ның дәрілерден айырмашылығы неде?

– ББҚ – бұл дәрі емес. Ауруды биологиялық белсенді қоспалармен емдеу мүмкін емес. Біреудің ББҚ-мен емделгені туралы әңгімелердің 99,9% өтірік, қалғаны – плацебо әсері. Биологиялық қоспалар белгілі бір ауру кезінде пайда болатын заттардың жетіспеушілігін, тапшылығын толықтыра алады. Мысалы, егер адамда остеопороз болса, сүйекке кальций ешқашан оралмайды. Бірақ қосымша қабылданған кальций организмде болатын зат алмасу процестеріне жетеді. Жетіспеушілік болса, ағза оны сүйектен алады.

– ББҚ кім қабылдауы керек?

– Дәрумендік және минералды кешендер науқасқа ғана емес, сау адамға да қажет. Себебі бірде-бір атағам рационы минералды заттар мен дәрумендерге деген қажеттілікті өтемейді. Қазақстанда мұны Қазақ тағамтану академиясы дәлелдеді. Бәрімізде дәрумендер жетіспеушілігі, минералдардың жетіспеушілігі бар, бұл барлығы тазартылған су іше бастағанда ушыға түсті. Біз су арқылы берілетін инфекциялардың таралу мүмкіндігімен күресеміз, бірақ фильтрлерде минералдар да қалып қояды. Бұл тамақ құрамындағы дәрумендерге де қатысты. Жарамдылық мерзімін ұзартатын заманауи өндіріс және өсіру технологияларын қолдану өнімдердегі дәрумендердің азаюына әкелді.

– ББҚ – дәрі емес, бірақ олардың жанама әсерлері бар, солай ма?

– ББҚ-да адамдарда аллергиялық реакция тудыруы мүмкін құрамдас бөлшектер болуы ықтимал, дәруменге, ретинолға, қоспалар құрамындағы шөптерге. Мысалы, пробиотиктердің көбі сүт ақуызында өсіріледі және онда эпиоттар – сүт РНҚ фрагменттері қалады. Егер сүтке аллергиясы бар адамға аллергендер болып табылатын пробиотиктер тағайындалса, онда жағдайы нашарлайды. Себебі ол ұсынылмаған белсенді биологиялық қоспаларды тұтынады. Дұрыс таңдалмаған биологиялық белсенді қоспалар аллергиясы бар науқастар санының өсуіне ықпал етеді.

– ББҚ-ны қалай таңдайды? Кіммен кеңесу керек?

– Ең дұрысы – бұл нутрициолог дәрігердің ұсынысы, бірақ еліміздегі медициналық ЖОО-ларда олар әлі оқытылмайды. Қазіргі кезде «тамақтану маманы» стандарты әзірленуде, бұл кәсіпқой маман биологилық белсенді қоспаларды ұсынумен айналысуы керек. Ал әзірге фармацевтпен кеңесуге болады. Бүгінде барлық ірі фармацевтикалық компаниялар мамандарды өте жақсы дайындайды. Дәріхана сертификаты бар және дәріханалар желісі арқылы сатуға арналған биологиялық белсенді қоспаларды сатып алу керек. Сертификаттарды Қазақ тағамтану академиясы береді. Егер спорттық қоспалар туралы айтар болсақ, онда кем дегенде спорттық медицина сертификаты бар жаттықтырушымен кеңесу керек. Сондай-ақ нутрициология мәселелері бойынша оқу туралы ресми сертификаттарды тек ҚР сертификатталған оқу орындары, медициналық ЖОО-лар ғана беретіндігін ескерткім келеді.

– Қандай ББҚ-ны қабылдауға болмайды?

– Мен желілік маркетинг арқылы, тәтенің «сөмкесінен» сатылатын ББҚ-ға қарсымын. Бұл керемет қоспалар неге дәріханада жоқ? Себебі олар сертификаттау мен стандарттаудан өтпеген. Оларда адамдар үшін улы заттар жоқ екендігі расталмаған. Тіпті олардың құрамында ондай заттар болмаса да, онда тағайындалған дозалар кейбір адам үшін қолайсыз болуы мүмкін. Бұл кем дегенде, аллергия тудыруы ықтимал, немесе мысалы, ұйқы безінің бұзылуына әкеледі, не болмаса бауыр уытты жүктемеге төтеп бере алмауы мүмкін. Мен мұндай биологиялық белсенді қоспаларды қолдану өмірге қауіпті болуы мүмкін деп айтар едім. Бірақ көп жағдайда мұндай ББҚ зиянсыз болады және көмектеспейді. Қазіргі заманда адамдарға ББҚ-лар қажет. Бірақ бұл «көмектесіп қалар» деген препараттар емес, мамандар сататын және мамандар ұсынатын нутрицевтика болуы керек.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button