Фейк: «Қатерлі ісікті көкөніс шырынымен емдеуге болады»
Instagram-да қолданушылар онкологиялық ауруларды емдеудің халықтық әдісін талқылауда. Хабарлама мәтінінде пациент көкөніс шырынын ішсе, 42 күннің ішінде аурудан толығымен айығып шығады делінген. Бұл олай емес.
Мұндай тұжырымдаманың авторы – натуропат және қатерлі ісік ауруын емдеудің балама әдістерін жақтаушы Рудольф Бройс. Кітаптарының бірінде ол осы әдістің арқасында 45 мың адам жазылып шықты деп жазады. Бірақ бұған ешқандай дәлел жоқ.
Сонымен қатар, қатерлі ісік ағзаға қатты тағаммен бірге енеді деген Бройстың теориясы – ғылымға қарсы. Натуропаттың пікірінше, әдеттегі тағамнан бас тартып, оның орнына табиғи шырындар мен шөп шайларын ішсе, онкологиядан 42 күнде емделіп шығуға болады.
Оның сөздері бірнеше рет сынға ұшыраған. Атап айтқанда, ғалымдар мұндай диета әлсіреуге әкелуі мүмкін, есесіне, оның қатерлі ісік ауруын емдеуде тиімділігі дәлелденген жоқ.
Сонымен қатар, «емдік» шырынның ингредиенттері – қызылша, сәбіз, картоп, балдыркөк және шалғам – бірқатар пайдалы қасиеттерге ие болса да, қандай да бір ауруды толық емдей алмайды.
Айта кетейік, Рудольф Бройс жақтаушысы болған натуропатияның өзі жалған ғылым болып саналады. Оның постулаттарында дұрыс тамақтану, дұрыс ұйқы және физикалық белсенділікті сақтау туралы жақсы кеңестер болғанына қарамастан, клизмамен және тек табиғи өнімдермен ғана емдеу теориялары көп жағдайда дәлелді медицинаға қайшы келеді.