Медициналық фейктер

Манипуляция: «Қатерлі ісік ауруын химия емес, куркума емдейтіні дәлелденді»

Қазақстандықтар Telegram-чаттарда куркуманың онкологиялық ауруларды емдейтінін дәлелдейтін 98 ғылыми жұмыс бар деп жазуда. Ал химиотерапияның қатерлі ісікті емдеудегі пайдасы туралы «бірнеше» ғана жұмыс бар екен. Демек, қатерлі ісікті дәрі-дәрмектермен емес, куркумамен емдеу керек. Бұл рас па? Анықтайық.


Қатерлі ісік ауруын емдеу өте қиын. Кейде бұл ауруды жеңу үшін бірқатар елеулі жанама әсері бар препараттарды қабылдау керек. Дегенмен, олар жай тағайындалмайды – бұл дәрі-дәрмектердің тиімділігі клиникалық дәлелденген.
Химиотерапия тарихы 1940 жылдардан басталады. Ол кезде азотты иприттің әсеріне ұшыраған адамдарда лейкоциттер санының күрт төмендегені байқалды. Иприттің бұл қасиеті лимфомасы бар тышқандарда тексерілді. Тәжірибе нәтижесінде иприттің әсеріненісіктердің көлемі кішірейетіні анықталды.
1948 жылы фолий қышқылының жедел лимфобластикалық лейкемиямен ауыратын науқастарға әсері зерттелді.
Бірте-бірте жаңа зерттеулер жүргізілді, енді дәрігерлер белгілі бір пациентке тиімді болатын аралас терапияны тағайындай алады. 
АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының сайтында cancer chemotherapy (қатерлі ісіктің химиотерапиясы – ағылш.) деп іздеп, 349,751 ғылыми жұмысты табуға болады, олардың ішінде дәрі-дәрмектерді зерттеу де, емдеудің осы түріне жасалған жүйелі шолулар да бар.
Бұл химиотерапияны зерттеуге арналған «бірнеше» жұмыс бар деген пікірдің дұрыс еместігін білдіреді.
Қатерлі ісік ауруын емдеуге арналған дәрі ретінде куркумаға келсек, мұндай да зерттеулер бар. АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының сайтында мұндай жеті мыңнан астам жұмыс табылды.  Олардың кейбіреулері куркума онкологиямен күресуде тиімді деп санайды.
Mayo Clinic медициналық порталы былай жазады: «Зертханалық және жануарларға жүргізілген зерттеулер куркуминнің қатерлі ісіктің алдын алатынын, оның таралуын бәсеңдететінін, химиотерапияның тиімділігін арттыратынын және сау жасушаларды сәулелік терапияның зақымдануынан қорғайтынын көрсетті».
Алайда, дәл осы мақалада адамдарда жүргізілген зерттеулер әлі де жеткіліксіз екендігі айтылған. Қазіргі уақытта жүз пайыз қорытынды жасауға және қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға куркумамен емделуді ұсынуға негіз жоқ. Сонымен қатар дәрігер тағайындаған химиотерапиядан бас тартуға және куркумамен өз бетінше емделе бастауға
себеп жоқ. Бұл өте қауіпті шешім және өлімге әкелуі мүмкін.

Демек, куркуманың қатерлі ісікті емдеу қабілеті ғылыми дәлелденгені туралы ақпарат манипуляция. Бұл гипотезаны растайтын жануарларда жүргізілген зерттеулер бар, бірақ куркуманың тиімділігі туралы нақты айту үшін адамдарда жүргізілген зерттеулер әлі де аз. Сонымен қатар, химиотерапияның онкологиялық ауруларды емдеудегі тиімділігі жылдар бойы жүргізілген зерттеулермен дәлелденді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button