Фейк: «Буын ауруларын, гипертония мен бас ауруын фольгамен емдеуге болады»
Желіде түрлі ауруларды қарапайым алюминий фольгамен емдеуге болатындығы туралы видеороликтер таратылуда. Автор фольга бөліктерін денеге дұрыс қою құпияларымен бөлісіп, оларды «күміс көпірлер» деп атайды және емдеудің бұл әдісі өте тиімді деп мәлімдейді. Бұл олай емес.
Алюминий фольга остеохондроз, радикулит, гипертония және бас ауруы бар науқастардың ауырсынуын жеңілдететіні туралы ешқандай дәлел жоқ.
Ампутациядан кейін ауырсынуды азайту үшін фольганы қолдану тиімділігі тексерілген рандомизацияланған зерттеу бар. Оған еріктілердің екі тобы қатысты – біреулеріне фольгамен таңғыштар жасалса, басқаларына плацебо қолданылды. Зерттеу нәтижелері фольганың фантомдық ауырсынумен күресте мүлдем көмектеспегенін көрсетті.
Остеохондроз – бұл буынның дәнекер тінінің астында орналасқан сүйекке баратын қан жеткіліксіз болған кезде пайда болатын ауру. Дәрігерлер оны емдеу үшін физиотерапия, ал ауыр жағдайларда хирургиялық араласуды ұсынады. Ауырған жерге фольга басу остеохондрозды емдей алмайды.
Радикулит немесе радикулопатия – жұлыннан шығатын жүйке тамырларының қысылуымен байланысты нақты белгілер кешені. Оған сколиоз, омыртқа жарақаттары, қатерлі және қатерлі емес ісіктер, сүйек тінінің инфекциялық зақымдануы және т.б. себеп болуы мүмкін. Радикулит стероид емес қабынуға қарсы препараттармен, инемен, жаттығу терапиясымен, сондай-ақ өршіген жағдайларда хирургиялық жолмен емделеді. Дененің ауырған жеріне фольга қою ауруды емдемейді, ауырсынуды баспайды. Бірақ жазылып шығуға үміттенген науқас дәрігерге баруды кешіктіруі мүмкін, бұл өз кезегінде аурудың өршуіне әкеп соғады.
Жоғары қан қысымы мен бас ауруының себептері әртүрлі болады, сондықтан оларды емдеу жолдары да бірдей емес. Алайда, дәлелді медицинада гипертонияны немесе бас ауруын алюминий фольгамен емдеу тәжірибесі жоқ.
Егер бойыңыздан жоғарыда аталған аурулардың белгілерін байқасаңыз немесе басыңыз жиі ауырса, дереу дәрігерге қаралуыңыз керек. Фольгамен немесе басқа да халықтық емдеу әдістерімен өзін-өзі емдеу әрекеттері аурудың белгілерінің өршуіне әкелуі мүмкін.