Өзенде өрт шыққандығы туралы видео басқа елде түсірілген
@osa_uka_vko танымал өскемендік Instagram-аккаунтында жарияланған қысқа роликте автор мұз басқан өзенде шыққан өртті түсірген. Сондай-ақ, онда «Мұнай құбырындағы апаттан кейін өрт шықты» деп жазылған. Бұдан басқа ақпарат болмағандықтан, оқырмандар бұл оқиға Қазақстанда орын алған деп ойлаған.
Шын мәнінде, Instagram парақшада видеоның қысқартылған нұсқасы жарияланған. Түпнұсқа видеода автор «Өзен өртеніп жатыр» дегеннен кейін «Обь» деп нақтылап өтеді. Алайда, қазақстандық Instagram парақшасының әкімшілері жазылушыларды қызықтыру үшін роликтің осы бөлігін қиып тастаған.
7 наурызда Обь өзенінің Нижневартовск маңындағы бөлігінде өрт шыққан. Тілсіз жау жер асты мұнай құбырындағы апат салдарынан туындаған. Оқиғаны сол жерде жүрген балықшылар түсіріп алған. Қатты күйік шалған куәгерлердің бірі ауруханаға түсті. БАҚ-тың хабарлауынша, өзенге 700 тонна мұнай өнімдері төгілген. Қазіргі кезде тергеу комитеті мен Нижневартовск қалалық прокуратурасы төтенше жағдайды тергеуде.
Қорыта айтқанда, бұл роликтің Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ. Пайдаланушылардың назарын аудару үшін видео оқиға орын алған жер аталған бөлігінсіз жарияланған.