Билл Гейтс дамыған елдерді синтетикалық етке көшуге шақырды. Бұл нені білдіреді және не үшін қажет?
Қазақстандықтар Билл Гейтстің дамыған елдерді болашақта табиғи еттен бас тартуға және толығымен синтетикалық етке көшуге шақырғаны туралы сұхбатын қызу талқылауда. Кейбіреулердің пікірінше, синтетикалық – бұл «шегірткелер мен ұн құрттарынан» жасалған дегенді білдіреді. Басқалары бұл денсаулыққа зиянын тигізеді дейді. Шын мәнінде қалай екенін StopFake.kz анықтады.
Қазақстандықтарды алаңдатқан сұхбат осы жылдың 14 ақпанында Technology Review басылымында жарияланды. Материалда климаттың өзгеруі және адамның қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайту жолдары туралы жазылған.
Жер халқының санының артуы, урбанизация және адамдардың сатып алу қабілеті мал шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныстың тұрақты өсуіне әкеледі. 2005 жылы ғана мал шаруашылығы секторы жалпы атмосфераға көмірқышқыл газының шамамен 7,1 гигатон эквивалентін шығарған, бұл парниктік газдардың жалпы антропогендік шығарындыларының 14,5%-ын құрады. Бұл жаһандық жылыну процесін жеделдетуге айтарлықтай үлес қосады.
Табиғи еттен бас тартып, синтетикалыққа көшу, жалпы, мал шаруашылығы өнімдеріне әлемдік сұранысты төмендетуі мүмкін, демек, шығарылатын парниктік газдардың мөлшерін азайтуы ықтимал.
Синтетикалық ет, кейбір қазақстандықтар ойлағандай «шегірткелер мен ұн құрттарынан» жасалмайды, оны түтікшелерде жасуша дақылдарынан өсіреді. Мұндай етті өсіру үшін кез келген жануардың бұлшықет тінінің жасушалары қолайлы.
Синтетикалық ет котлеті бар алғашқы бургер 2013 жылы Лондонда жасалды. Котлеттің салмағы 140 грамм. Мұндай деликатесті өсіру құны 250 000 евро.
Алайда, синтетикалық ет әлі де болса, көпшілікке қолжетімсіз. Қазір осы салада жұмыс істейтін, тіпті, әлемдік нарыққа өнімді шығару және жеткізу бойынша Жол карталары бар бірнеше компания бар. Түтікшеде ет өсіретін стартаптар Израиль, АҚШ, Сингапур, Испания, Аргентина, Канада, Франция, Австралия, Жапония, Ұлыбритания және т.б. елдерде бар. Олар әртүрлі ет түрлеріне мамандандырылған – шошқа еті, сиыр еті, тауық еті, теңіз өнімдері, тіпті кенгуру мен фуа-гра да бар. Мұндай компаниялардың көптігі Қазнетті пайдаланушыларының Билл Гейтс синтетикалық ет өндіру компаниясы болғандықтан және өз табысын арттыруға ұмтылғандықтан елдерді осындай етке көшуге шақырғаны туралы теориясын жоққа шығарады.
Сондай-ақ, синтетикалық етті жаппай өндіру технологиясын әзірлеумен қатар, оның қауіпсіздігі мен адам ағзасына әсері туралы зерттеулер жүргізілуде. Бүгінгі таңда ғалымдар мұндай етті жеуге қауіпті «жанама әсерлерді» анықтаған жоқ. Оның үстіне, әзірлеушілер өнімге қосымша пайдалы қасиеттер беру үшін оған Омега-3 қосуға болады деп санайды.
Жоғарыда айтылғандардың нәтижесінде төрт қорытынды жасауға болады:
– Синтетикалық ет жәндіктерден жасалмайды;
– Ғалымдар мұндай өнімді ағзаға зиянсыз деп санайды;
– Билл Гейтс елдерді синтетикалық етке көшуге өз пайдасы үшін шақырған жоқ;
– Мал шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың төмендеуі Жер климатының өзгеруіне оң әсер етуі мүмкін.