WhatsApp-та таратылып жүрген уланған су туралы хабарламалар – фейк
Мессенджерлерде уланған су туралы хабарлама тағы да таратыла бастады. Stopfake.kz бұл хабарламаның жалған екенін еске салады.
«Шикі су ішпеңіздер, тек қайнаған су. Бір аптадан асыпты, вирусты енді суға жайлап жіберіп жатыр дейді. Енді көбірек доза жібереді дейді. Дүкендегі су мен сусынды ішпесін.», – деп ескертеді автор. «Ақтау, Шымкент, Алматыда реанимацияда балдар көп дейді».
Бұл фейк бір ай бұрын таратылған болатын. Бірақ пайдаланушылар оны әлі де болса бір-біріне жіберуде. Денсаулық сақтау министрлігі «уланған су туралы ескертулерді» жоққа шығарды:
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Азаматтарды осындай арандатушылыққа бой алдырмауға және мемлекеттік органдардың ресми парақшаларында жарияланған ақпараттарды оқуға үндейміз. Денсаулық сақтау министрлігі барлық қабылданған шешімдер, оның ішінде бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулылары мен коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды емдеу хаттамаларына енгізілген өзгерістер туралы азаматтарды барынша жедел түрде хабардар етеді. Бұл ақпараттың барлығы қолжетімді», – делінген ведомство хабарламасында.