Фейк: «Pfizer-дің турбо қатерлі ісіктің таралуы туралы болжамы орындалуда»
Әлеуметтік желілерде ДДҰ-ның жаңа есебі талқылануда, онда 2025 жылға қарай онкологиялық науқастардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 70%-ға артады деп ескертілген. Pfizer бүкіл әлемде турбо қатерлі ісік өршиді деп оны емдейтін компанияны 43 миллиард долларға сатып алғанда осыны меңзеген екен.
2024 жылдың 1 ақпанында Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні қарсаңында ДДҰ әлемде онкологиялық аурулардың таралуы туралы есебін жариялады. Оның бағалауы бойынша, 115 елде онкологиялық ауруларды емдеу және паллиативтік көмек жеткілікті мөлшерде қаржыландырылмайды. 2022 жылғы жағдайды бағалағанда әлемде 20 миллион жаңа қатерлі ісік ауруы тіркелген, 9,7 миллион адам қайтыс болған. Ең көп тараған қатерлі ісіктің үш түрі: колоректальды, сүт безі және өкпе обыры.
Болжам бойынша 2050 жылы қатерлі ісікке шалдығудың 35 миллионнан астам жаңа жағдайы анықталады. Бұл 2022 жылға болжанған 20 миллионнан 77%-ға артық. ДДҰ келтірген факторлардың ішінде темекі өнімдері, алкоголь, семіздік, қоршаған ортаның ластануы бар. ДДҰ үкіметтерге халықтың барлық топтарына қатерлі ісік ауруынан емделудің қол жетімді болуын қамтамасыз етуді ұсынады.
Бірақ турбо қатерлі ісік – бұл бірде-бір медициналық қауымдастық мойындамаған ауру. Бұл терминді 2022 жылы канадалық дәрігер Чарльз Хоффе ойлап тапқан. Оның пайымдауынша, турбо қатерлі ісік адамға коронавирусқа қарсы мРНҚ вакцинасы жасалғаннан кейін дамиды. Болжамнан басқа ештеңе болған жоқ. Әлемде бұл аурудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген. Жетекші америкалық Слоан-Кеттеринг клиникасы да турбо қатерлі ісікті миф деп атады. Оның мамандарының пікірінше, COVID-19 қарсы вакциналар онкологиялық аурулар тудырмайды.
Pfizer 2023 жылдың наурызында баспасөзде Seagen компаниясын 43 миллиард долларға сатып алатынын айтқан. Америкалық биотехнологиялық компания қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмектер өндірумен айналысады.
Осылайша, Pfizer америкалық Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) мақұлдаған онкологиялық препараттарға қол жеткізді. Дәрі-дәрмектің ешқайсысы турбо қатерлі ісікті емдемейді. Seagen фармацевтикалық нарыққа таргеттік терапия препараттарын жеткізеді. Атап айтқанда, сүт безі қатерлі ісігімен күресетін Tuksya, қуық қатерлі ісігін емдейтін Padcev және Ходжкин лимфомасын емдеуге арналған Adcetris. Аталған жаңа препараттардың барлығы «антидене конъюгаты» деп аталады. Олар ісіктің өзіне барынша тиімді, ал айналасындағы тіндерге азырақ әсер етеді.
Pfizer турбо қатерлі ісік жағдайларының артуын болжаған жоқ, сондай-ақ әлемде бұл аурудың барын бірде-бір ғалым растаған жоқ.