Медициналық фейктер

Манипуляция: «Бақбақ тамыры 48 сағат ішінде обыр жасушаларының 98% жояды»

Әлеуметтік желілерде бақбақ тамырының онкологиялық ауруларды емдеудегі пайдасы талқылануда. Пайдаланушылардың айтуынша, бақбақ тамыры 48 сағат ішінде обыр жасушаларының 98%-ын жоя алады. Бұған сеніп, дәлелденген емдеу әдістерінен бас тартып, халықтық ем-дом қабылдамаған жөн. Себебін түсіндіріп өтейік.

Бақбақ тамыры – әртүрлі мәдениеттердің халықтық медицинасында өте танымал құрал. Оның үстіне, оны пайдалануға да негіздер болады. Ғалымдар зертханалық зерттеулер жүргізу арқылы бақбақ жапырағы мен тамыр сығындысының қабынуға қарсы, диуретикалық, антикоагуляциялық және антиоксидант ретінде пайдасын дәлелдей алды.

Бақбақ тамырының сығындысы қатерлі ісікке қарсы дәрі ретінде де зерттелді. Ғалымдар бұл затты меланома, ұйқы безі қатерлі ісігі, колоректальды қатерлі ісік және лейкемия жасушаларында сынап көрді. Сығынды перспективті нәтижелер көрсетті, ол обыр жасушалардың өсуін тежеп, бұрыннан бар жасушалардың санын азайтқан.

Дегенмен, бақбақ тамыры сығындысының қатерлі ісікке қарсы тиімді дәрі болмауына бірнеше себеп бар. Біріншіден, зерттеулердің көбі жасуша желілеріндегі түтікшелерде жүргізілген. Яғни, заттың тірі ағзада қалай әрекет ететіні және тиімді болуы үшін оны қалай қолдану керектігі туралы мәлімет жоқ.

Екіншіден, сығынды шағын еріктілер топтарында немесе жануарларда қолданылған зерттеулерде оның ауыр жанама әсерлері тіркелген. Ғалымдар бақбақ тамырының сығындысы енгізілген жетілмеген егеуқұйрықтарда сүт безі қатерлі ісігінің гормонға сезімтал жасушаларының көбеюін байқаған. 

Қанның қатерлі ісігі бар еріктілерге жүргізілген эксперименттерде бақбақ тамырының сығындысы өмірге қауіп төндіретін бірқатар жағымсыз реакциялар тудырған. 

Сондай-ақ сығынды кейбір дәрі-дәрмектермен реакцияға түсіп, жағымсыз әсерлер тудыруы ықтимал екендігі атап өтілді.

Үшіншіден, қатерлі ісікке шалдықпаған науқастарда да бақбақ қайнатпалары мен тұнбаларынан ауыр жанама әсерлер болуы мүмкін. Мысалы, созылмалы бүйрек ауруы бар 56 жастағы ер адамда бақбақ шайын шамадан тыс ішу салдарынан саусақ некрозы болған. Ол жарты жыл бойы күн сайын 10-15 кесе шай ішкен.

Сондай-ақ ғылыми әдебиеттерде бақбақ сығындысы бар препаратты арықтауға арналған қоспамен бірге ішкен 33 жастағы әйелдің жағдайы сипатталған. Мұның салдарынан онда геморрагиялық цистит дамыған. 

Құрамында бақбақ шөбі бар препараттарды шамадан тыс пайдаланғанда көбінесе күйдіргі және жеңіл диарея болады. 

Бұл бақбақтың қатерлі ісікті емдеудегі тиімділігі бойынша зерттеулер тоқтатылды дегенді білдірмейді. Керісінше, ғалымдар өсімдікті осы салада қолдануды белсенді зерттеу үстінде. Бірақ бүгінде оны онкологияны емдеуде қолданудың тиімді және қауіпсіз әдістері сипатталмаған, демек, мұндай терапия әдісіне сенім артуға болмайды. Сонымен қатар бақбақ тамыры кез келген қатерлі ісік жасушаларының 98%-ын 48 сағатта жоятыны атап көрсетілгендеген ғылыми зерттеулер жоқ.

Қорыта айтқанда, таралған ақпарат – бұл осал тұстары ескерілмеген нақты ғылыми зерттеулерге негізделген манипуляция.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button