Жаңалықтар

Фейк: «ДДСҰ-ның бұрынғы қызметкері 5G зияны туралы айтып берді»

Қазақстандықтар ДДСҰ бұрынғы қызметкері Ольга Шиннің 5G зияны туралы сұхбатын талқылауда. Оның айтуынша, жаңа технология адамдардың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін, ал оны енгізудің басты мақсаты Жер бетіндегі әрбір адамға жаппай бақылау жасау болып табылады. Бұл жалған.


Ольга Шин ДДСҰ жұмыс істегенін, сондықтан 5G зияны туралы құпия ақпаратқа ие екенін айтады. Бірақ ол ұйымның қай департаментінде, қандай қызмет атқарғаны туралы нақтыламайды. Ольга Шин ДДСҰ ұйымның директоры Гру Харлем Брунтланн болғанын айтқан, яғни 1998 жылғы мамыр айынан 2003 жылғы шілдеге дейін жұмыс істегенін атап өтті. Алайда, желіде ешқандай растаулар табылмады. Сондай-ақ, Ольга Шин ұялы телефонның зиянды сәулеленуіне байланысты денсаулығы күрт нашарлағандықтан доктор Брунтланн ДДСҰ директоры қызметінен кетті деп мәлімдеді. Брунтланның өзі де, оның әріптестері де бұл туралы ешқашан айтқан емес. Ал 2007 жылы ол климаттың өзгеруі мәселесі бойынша БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі лауазымына тағайындалды және осы күнге дейін қызметін атқарып келеді.

Іздеу жүйесінде Ольга Шин сұрауы бойынша көптеген кітап дүкендерінің сайттарына сілтемелер шығады. Ольга Шин жақсы сәтті ата-ана болу, биржада тиімді ойнау, салауатты қарым-қатынас орнату және өзін-өзі жетілдіру туралы бірнеше кітаптың авторы. Тек 2018 жылы жарияланған соңғы еңбегі ғана үкіметтердің әртүрлі толқындардың зиянды әсерін неге жасыратынын түсіндіретін әртүрлі радиациялар мен теорияларға арналған. Айта кетейік, кітаптың сипаттамасында 5G технологиясы туралы сөз жоқ, дегенмен видеода Ольга Шин бұл ұялы байланыс стандартының зияны туралы бұрыннан білетінін айтады.
Кітаптардың авторы өзінің бейнесұхбатында «сәуле» және «радиация» деген екі ұғымды бірнеше рет аралас қолданады, сондықтан көрермен ол бірдей жайттар туралы айтып отыр деп ойлайды. Шын мәнінде, бұл олай емес.
Сәулеленудің екі түрі бар – иондаушы және иондаушы емес. Екінші типке жылу, көзге көрінетін жарық, ультракүлгін жарық, инфрақызыл жарық, радио толқындар, микротолқынды толқындар және т.б. жатады. Мұның ешқайсысы радиация емес және адам ағзасына айтарлықтай қауіп төндірмейді.
Иондаушы сәуле – оны көп жағдайда қателесіп «радиация» деп атайды. Оған рентген сәулелері, гамма сәулелер, альфа сәулелер, бета сәулелер және нейтрондық сәулелер жатады.

5G ұялы байланыс стандарты радио толқындардың, яғни радиация болып табылмайтын иондаушы емес сәуленің арқасында жұмыс істей алады.
Мамандар 5G стандарты адамдар үшін қауіпсіз және жоғары өткізу қабілеттілігінен, яғни пайдаланушылар үшін жылдам интернеттен басқа ерекшелігі жоқ екенін бірнеше рет айтқан болатын.

5G зияны туралы мәлімдемелерді «Қазақтелеком» АҚ да ресми түрде жоққа шығарған. Қазақстандағы ең ірі интернет-провайдерлердің бірінің өкілдері ұялы байланыстың әртүрлі стандарттары жұмыс істейтін электромагниттік өрістердің диапазоны рұқсат етілген нормалардан аспайтынын және зиянсыз екендігі дәлелденгенін хабарлады.
– 5G жақтаушылары байланыс желілерінің тығыздығы әлемдегі ең жоғары болып табылатын Жапонияда азаматтар көбінесе 90-100 жылға дейін өмір сүретінін біледі. Бұл ретте, егде жастағы миллиондаған жапон күн сайын ұялы байланысты пайдаланады», — деп хабарлады компания.
Демек, Ольга Шиннің 5G желісінің зияны мен Үкіметтің қастандығы туралы мәлімдемелері расталмайды. Ұялы байланыстың жаңа стандартына байланысты қастандық теориялары бірнеше рет теріске шығарылып, ғылымға қарсы деп танылған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button