Татар-моңғол езгісі: ақиқат және миф
Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары татар-моңғол езгісінің болғанына күмән келтіреді. Тарихи фактілерге деген сенімсіздік YouTube-тағы видеоны көргеннен кейін туған, онда авторлар өз ойларымен бөліседі. Олардың пікірінше, Куликово шайқасы мен Русь еліне шапқыншылық болмаған. StopFake.kz Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, Қазақстан мен оған шектес елдердің ежелгі және ортағасырлық тарихы бөлімінің меңгерушісі Арман Жұмаділмен осы тұжырымдарды талқылады.
«Тарих шешімдері» YouTube арнасындағы «тарихшыларға көруге тыйым салынады» деген белгісі бар видео 5 ай бұрын шыққан. Қазір оны қазақстандық пайдаланушылар да белсенді талқылауда.
Видео авторларының айтуынша, татар-моңғол езгісі ойдан шығарылған. Олар көрермендермен келесідей ойларымен бөліскен.
Күндер
Видео 1243-1480 жж. кезеңіндегі тарихи оқиғалардан басталады. Олар тарихшылардың қазіргі жыл санауын Петр I кезінде қолданыла бастаған түрде пайдаланатынына күмән келтіреді.
«Мұндай күндер мүлдем болмаған жоқ», – дейді кадр сыртындағы дауыс.
– Көптеген халықтар, өркениеттер өз жыл санауын қолданған, дәуірлерді өзгеше белгілеген. Мысалы, «су тасқынына дейін», «су тасқынынан кейін». Билік етуші әулеттер дәуірлерін, соғыстарды бөліп көрсеткен. Әрине, қазіргі кезде оқиғалар хронологиясын жақсы түсіну үшін христиан немесе мұсылман жыл санауы қолданылады. Петр I кезіндегі күнтізбе реформасы Бату Ресейге және Шығыс Еуропаға жорық жасамаған деп ойлауға негіз бола алмайды, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Арман Жұмаділ.
Металлургия
Бейне авторларының айтуынша, татар-моңғолдарға әскерді қаруландыру үшін металлургияны жақсы дамыту қажет болды. Бұл ретте көшпелі өмір салты болмайды.
– Мәтінге қарасақ, видео авторлары сол дәуірдің тарихи шындықтарымен таныс емес. Әйтпесе, олар дала халқы темір кенін өндіру мен өңдеу өнерін игере алмады деп айтпас еді. Біріншіден, археологиялық және жазбаша дереккөздер Орталық Азияны мекендеген тайпалардың бұл қолөнерді ежелден меңгергенін дәлеледйді. Скиф, ғұн, түркілерді еске алсақ жеткілікті. Мысалы, түркілер Түрік қағанаты құрылғанға дейін және билікке келгенше жужанның вассалы болған және оларға темірмен және қару-жарақпен алым төлеген. Бумын қаған Жужан қағанның қызына үйленуге рұқсат сұраған кезде, ол ашуланып: «Сен менің құлымсың, темір балқытушы. Мұны өтінуге қалай дәтің барды!» деп айтқан. Екіншіден, Орталық Азия аумағы арқылы негізгі құрлықтық сауда жолдары, соның ішінде Ұлы Жібек жолы өтті. Олардың бойында қалалар-сауда және қолөнер орталықтары орналасты. Үшіншіден, дала тайпаларының шаруашылығы отырықшы-егіншілік, жартылай көшпелі және көшпелі жүргізу тәсілдерінен құрылған, сондай-ақ қала мәдениеті орталықтарын біріктіретін кешенді шаруашылық болды, – деп түсіндірді тарихшы.
Авторлардың есептеуінше, әскерді (әр түрлі мәліметтер бойынша 230 мыңнан 600 мың адамға дейін) оқпен, найзамен, қылышпен жабдықтау үшін 4 650 мың тоннаға дейін металл қажет. Сонымен қатар, металл балқыту зауыттары, қару-жарақ өндіруге арналған жабдықтар мен құралдар керек.
– Батудың Русь еліне және одан әрі Шығыс Еуропаға жасаған 6 жылдық жорығына дейін Моңғол империясы Қытайдан Еділге, оның ішінде Солтүстік Иран мен Закавказьеге дейінгі үлкен аумақты алып жатқанын ескергеніміз жөн. Оның қаншалықты мол ресурстарға ие болғанын елестетіп көріңізші. Оның қол астында көшпелі халықтар ғана емес, қалалары мен қолөнер орталықтары бар отырықшы-егіншілік халықтар да болды. Мұның бәрі жорықтар алдында әскери доктриналар мен стратегиялар әзірлеуде маңызды рөл атқарды, – дейді Арман Жұмаділ.
Маман әскерді қаруландыруға қанша металл қажет екенін және әскер санын есептеулермен де келіспейді:
– Батудың Батысқа жорығына қатысқан әскер санын айтар болсақ, онда 120 мың және 140 мың сияқты сандар келтіріліледі. Ғалымдар Гумилев пен Веселовский келтірген сандар нақтырақ. Олардың айтуынша, батысқа жорыққа 40 мыңнан 60 мыңға дейін адам қатысқан. Әрине, жауынгерлік тактикада ауыр қаруланған сауытты атты әскер белгілі бір рөл атқарды. Бірақ олар айтарлықтай көп болған жоқ. Әскердің негізгі бөлігін жеңіл қаруланған атты әскер құрады.
«Дамыған металлургия металл балқытудың ең сәтті «рецепттерін», қару жасау тәсілдерін жеткізу үшін жазуды дамытады», – делінген видеода.
– Бүгінгі таңда ресейлік және шетелдік тарихшылар, түркітанушылар көшпелілердің өзіндік жазуы болғанын мойындайды. Мысал ретінде, Есік қорғанынан табылған артефактілерді алайық. Онда Алтын адамның жанынан ғұрыптық мағынасы бар және прототүрк тілінде жазылған күміс ыдыс табылды. Ал Шыңғыс хан империясында жаулап алынған халықтардың – ұйғыр, парсы, араб жазулары кеңінен қолданылды. Атап айтқанда, 1246 жылы Гүйік хан Қарақорымнан папа Иннокентий I-ге парсы тілінде жазылған хат жіберген, – дейді тарихшы.
Бейне авторлары татар-моңғолдар сол кезде металлургия саласы анағұрлым дамыған, яғни қару-жарағы да жақсы болған Русь елін бодандыққа қалай ала алмағанына таң қалады.
– Орыс князьдіктерінде темір ұстасы мен қару-жарақ ісі дамығанына қарамастан, саяси бытыраңқылық оларға біртұтас қарулы қарсылықты ұйымдастыруға мүмкіндік бермеді. Сондықтан Бату Шығыс Еуропа аумағына оңай басып кірді. Оның үстіне, дала әскерінің ашық жерлерде шайқасу, қалалар мен бекіністерді қоршауға алу бойынша әскери тәжірибесі көп болды. Оған жеке әскери дайындық пен темірдей тәртіпті қосыңыз.
Логистика
Әскер қажеттіліктері үшін азық-түлік пен қару-жарақ қалай жеткізілді? Ұзақ жолға шыққанда жылқыларды қалай тамақтандырып, суарған? Роликті әзірлеушілер көрермендерге осындай сұрақтар қояды.
– Біріншіден, кейбір орыс князьдіктері үшін моңғол-татар әскерлерінің басып кіруі күтпеген жағдай болса, моңғолдар өздерінің алдағы жорықтарына өте мұқият дайындалған. Олар басып кірмек болған аумақтарды алдын ала зерттеген: алдағы жорықтардың жолдары мен бағыттарын, құдықтар мен суаттардың, жайылымдық жерлердің орналақан жерлерді. Екіншіден, 1235 жылы құрылтайда жорықты бастау туралы шешім қабылданған кезде, бұл бүкіл әскер Моңғолия аумағынан шығады дегенді білдірмеген. Империяның басқа аймақтарынан «мыңдықтар», «түмендер» негізгі күштердің орналасқан жеріне келіп жиналған. Үшіншіден, Батудың батысқа жорығына Ертістен Жайыққа дейін қоныстанған Шығыс Дешті Қыпшақ тайпалары қатысты. Әскерлердің басым бөлігін моңғолдар емес, түркі тайпалары құраған, – дейді Арман Жұмаділ.
Бұдан әрі татар-моңғол шапқыншылығының экономикалық мақсаты күмән тудырды. Алым ретінде алынған алтын мен терілер не үшін қажет болды?
Бұл сұрақтарға жауап бермес бұрын, тарихшы-ғалым татар-моңғол шапқыншылығының себебі мен мақсатын атап өту керек деп санайды.
– Шығыстанушы ғалым Лев Гумилевтің айтуынша, моңғолдар жорыққа шығуға мәжбүр болған. Мысалы, Хорезмшахқа қарсы жорық, Шыңғысханның шапқыншылығына Отырар апаты себеп болған деп саналады. Дәл осындай жағдай Қалқа өзенінде келіссөздерге жіберілген моңғол елшілерін өлтіргеннен кейін де орын алды. Елшіні өлтіру іс жүзінде соғыс жариялау болып саналады. Сонымен қатар, Жебе ноян мен Сүбедей Бахадур бастаған 20 мыңдық корпус Қалқадағы қарсыластарын жеңіп, қайтып келгенде, Еділ бұлғарлары оларға шабуыл жасайды. Шыңғысханға аман қалған бірнеше мың адам ғана жеткен. Сондықтан, осыған жауап ретінде Еділ бұлғарлары мен олардың одақтастарын талқандап, олардың қашқан билеушілерін қуып, Бату өзара егестен бөлініп кеткен князьдіктерді бірінің соңынан бірін жаулап ала отырып, оңтүстік орыс даласына басып кірді.
Экономикалық мақсатына келетін болсақ, ол белгілі. Бұл дінбасылардан басқа бүкіл халық төлеген алым. Ол астық, аң терісі, алтын және т.б. түрінде алынды. Қазынаға тікелей жіберілмегендер Шығыс базарларында сатылды.
Растаулар
Татар-моңғол шапқыншылығын жоққа шығаратын тағы бір аргумент – оқиғаға байланысты тарихи терминдер тек XIX ғасырда пайда болды. Ал тарихшылардың пікірінше, орыс әскері мен алтынордалықтардың шешуші шайқасы өткен Куликово даласында аз артефакт табылды.
Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Арман Жұмаділдің айтуынша, бұл кезең әлі де зерттеуді қажет етеді, өйткені сол кездегі жылнамалардың көбінің түпнұсқасы сақталмаған. Олар Иван Грозный, содан кейін Петр I кезінде қайта жазылған.
Қорытындылай келе, Арман Жұмаділ бір-бірінен тәуелсіз орыс, моңғол, қытай, араб, парсы, армян, грузин, византиялық, серб, болгар, поляк, венгр дереккөздері моңғолдардың жаулап алған жерлерін, оның ішінде Русь еліне жасаған жорығын растайтынын еске салды.