ИсторияЖаңалықтар

Манипуляция: «1970 жылдары ғалымдар жаһандық жылынудың емес, жаңа мұз дәуірі болатынын болжаған»

Қастандық теориясын жақтаушылар жаһандық жылынудың жалған екендігіне жаңа дәлел тапты. Telegram чаттарында Radio Times журналының Жерде жаңа мұз дәуірі болады деп жазылған 1974 жылғы мұқабасының суреті тарады. Осыған сүйене отырып, пайдаланушылар климаттық трендтер адамзатқа жаңа шектеулер қою әрекеті деп жазады. Бұл өтірік. Неге екенін түсіндірейік.

1960-шы және 1970-ші жылдардың басында кейбір ғалымдар планетамыз суытып, адамзат жаңа мұз дәуіріне тап болады деген пікір білдірді. Кейде бұл болжамдар БАҚ-та жарияланып, адамдар арасында үрей туғызған. Мысалы, Желіде 1962 жылғы 12 маусымдағы The Guardian газетінің жаңа мұз дәуірі туралы мақаланы табуға болады. Алайда, қорқынышты тақырыпқа қарамастан, мақаланың өзінде мұндай сценарийдің шындығына сенуге мүмкіндік беретін ғылыми дәлелдер жеткіліксіз.
Қазір Қазнетте таратылып жатқан 1974 жылғы 16-22 қарашадағы Radio Times журналының суреті де шынайы. Басылымның бұл шығарылымы кейбір коллекционерлерде сақталған.
Алайда, мұның бәрі ғалымдар кенеттен ойларын өзгертті немесе жаһандық жылынуды ойлап тапты дегеннің белгісі емес.
Ғалым Кит Стронг өзінің YouTube каналында 1970 жылдары жаһандық суытуды кім және неге болжағаны туралы егжей-тегжейді айтып берді. Ол Күн, рентген, астрофизика, плазма физикасы және басқа да құбылыстардың белсенділігін зерттейді.
Кит Стронгтың айтуынша, 1965 жылдан 1980 жылға дейін осы тақырыпта жалпы 7 ғылыми жұмыс жариялаған 14 ғалым ғана жаһандық суыту туралы айтқан. Дәл осы жұмыстардың негізінде танымал БАҚ жаңа мұз дәуірі туралы мақалаларын жазды. Ғылыми мақалаларда да, газет басылымдарында да нақты мәліметтер жоқ екенін атап өткен жөн.
Сонымен бірге, сол кезеңде климаттың өзгеру мәселелерін зерттейтін басқа ғалымдар жаһандық жылыну туралы 44 және сол жылдардағы орташа деңгейде климатты сақтау идеяларын қолдайтын 20 жұмыс жариялады. Яғни, 1970-ші жылдары ғылыми ортада Жер біртіндеп суытып келеді деген пікірде ортақ келісім болмаған. Ғалымдардың шағын тобы ғана осылай ойлаған. Сонымен қатар жаһандық жылыну туралы әлдеқайда жиі және дәлелдермен айтылған.
Сондай-ақ жаһандық суыту тақырыбына арналған жеті ғылыми жұмыстың ішінде «мұз дәуірі» деген тіркес тек біреуінде ғана қолданылған. Бұл зерттеуді 1971 жылы 9 шілдеде екі ғалым С.И. Расул мен С. Х. Шнайдер Science журналында жариялады. Температураның күрт төмендеуі туралы теорияның негізгі дәлелі атмосферадағы шаң мен парниктік газдардың көп мөлшері күн сәулесінің планета бетіне енуіне жол бермейді және оның салқындауына әкелетіні болды. Шын мәнінде, парниктік газдар, керісінше, жылынудың себебі, өйткені олар планетаның бетінен шығатын ыстық ауа ағындарын жібермей Жердің салқындауына жол бермейді деп санайтын басқа да ғалымдар болды. Қазіргі кезде жаһандық жылыну мәселелері туралы айтқан мамандардың пікірі дұрыс болғаны ғылыми тұрғыдан анықталды.
Планетмызда ауа температурасының үздіксіз көтеріліп жатқаны – факт. Мұны статистикадан, мұхиттардың жылынуынан, мұздықтардың еруінен, теңіз деңгейінің көтерілуінен, биік таулы аудандардағы қар жамылғысының жұқаруынан және басқа да факторлардан байқауға болады.

Осының бәрі адамдарға және әдеттегі өмір салтымызға айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сондықтан, дұрыс тұтыну және қоршаған ортаны қорғауға шақыру – бұл адамдарға шектеулер қою әрекеті емес, жаһандық климаттық апаттың алдын алу жолдары.
Демек, 1970 жылдары мұз дәуірі болатыны болжанған, содан кейін бұл ой өзгеріп, жаһандық жылыну туралы айтылғаны туралы болжаммдар манипулятивті. Мұз дәуірі туралы тек 7 еңбегін жариялаған ғалымдардың шағын тобы ғана жазған, олардың ешқайсысында жеткілікті дәлелдер болмаған. Сонымен қатар зерттеушілердің айтарлықтай ірі тобы жаһандық күннің жылынудың болатыны туралы ескертті, алайда, олардың еңбектері БАҚ-та сенсацияға айналмады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button