Манипуляция: «COVID-19 қарсы вакциналар конвульсия тудырады»
Әлеуметтік желілерде және Telegram арналарында конвульсия болған әйелдердің видеолары тарады. Мұндай құрысулар COVID-19 қарсы вакциналаудың салдарынан орын алған екен. Бұл мәлімдеме манипуляция болып табылады.
Бірінші видеоны америкалық Индиана штатының тұрғыны Шоун Скелтон түсірген. Ол жазбада 2021 жылғы 4 қаңтарда, дүйсенбі күні, Moderna шығарған вакцинаның алғашқы дозасын алғанын айтады. Бейсенбі күні таңертең, 7 қаңтарда, оның денесі құрыса бастаған. Ролик кейіпкері бұл жағдайға душар болуына вакцинаның себеп болғанына сенімді.
Видеоны жариялағаннан кейін Шоун Скелтон ортопедиялық неврология ауруханасында емделіп, шыққан. Бұл ретте науқастың МРТ, КТ және қан үлгілерінде ешқандай ауытқулар анықталмаған. Индиана тұрғыны дәрігерінің айымдауынша, бұл жағдай стресс нәтижесінде туындаған. АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мамандары бұл белгілер вакциналаудан өткен адамдарға тән емес деп атады.
Екінші видео кейін жарияланған. Оның кейіпкері Луизиана штатының тұрғыны Анжелия Гипсон Дессель. Кадрларда дене құрысуын әрең ұстап, аурухана бөлмесінде жүргені көрсетілген. Видеоны оның ұлы түсірген, ол да конвульсиялар вакцинаның салдарынан орын алды деп отыр. Анжелия 2021 жылғы 5 қаңтарда Жаңа Орлеанда Pfizer препаратының алғашқы дозасын алған. Алайда, PolitFact.com басылымның фактчекерлерімен әңгіме барысында оның баласы анасының қай мекемеде екпе жасатқанын, процедураны кімнің жүргізгенін және оны қандай дәрігерлер емдеп жатқанын айтудан бас тартты.
19 қаңтарда ол вакциналаудың салдары туралы барлық жарияланымдарды өшіріп тастап, бұл әрекетін желі қолданушыларының Анжелияның әріптестері мен басшысын үнемі мазалайды деп түсіндірді.
Ал Луизиана Денсаулық сақтау департаментінің баспасөз хатшысы Кевин Литтен ведомствоға вакцинаның ауыр неврологиялық жанама әсерлері туралы хабарламалар түскен жоқ деп мәлімдеді.
– Ауруханаға жатқызуды қажет еткен ауыр жанама әсерлері бар бір ғана науқас болды. Онда асқазанның бұзылуы және бас айналуы сияқты белгілер болды. Бұл науқас емделіп, шықты», – деді ол.
Ауруларды бақылау орталығының өкілі Джейсон МакДональд да Луизианада вакцинаның елеулі неврологиялық жанама әсерлерінің болу жағдайлары туралы мәліметтердің жоқтығын растады.
Қазіргі кезде екі жағдай бойынша тергеу жүргізілуде. Әзірге, мамандар вакциналау мен пайда болған белгілердің арасындағы байланысты анықтаған. Бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша 51 миллионнан астам адам COVID-19 қарсы вакцина алды. Инъекциядан кейінгі құрысулар туралы клиникалық сынақтар кезінде де, олардан кейін де хабарланбаған.
Қорыта айтқанда, конвульсияның туындауына нақты COVID-19 қарсы вакцина себеп болды деп айту – манипуляция. Бұл расталмайды.