Fake News

Фейк: «Жапон балалары әлемдегі ең сау және олар басқа елдерге қарағанда аз вакцина алады»

Қазнет қолданушылары ең сау балалар Жапонияда, мұның себебі басқа дамыған елдермен салыстырғанда вакциналар санының аз болуы деп жазуда. Бұл рас па? Тексерейік.

Белгілі бір елдегі балалардың денсаулық деңгейін бағалау өте қиын, өйткені мұндай рейтингтер жоқ. Алайда, балалар өлім-жітімінің рейтингтері баршаға қолжетімді. БҰҰ-ның балалар өлімін бағалау жөніндегі Ведомствоаралық тобының мәліметтері бойынша, 2021 жылы Жапонияда бес жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімі 1000 адамға шаққанда 2,4 құраған. Бұл көрсеткіш, мысалы, Финляндияға немесе Норвегияға қарағанда жоғары. Демек, ең сау балалар Жапонияда деген пікір қате.

Жапонияда балаларға ең аз вакцина салынады деген екінші мәлімдеме де жалған. Жапондық егу күнтізбесі Желіде жарияланған. Оған 15 түрлі вакцина кіреді, бірінші екпелер балалар туғаннан кейін бірден егіледі.

Салыстыру үшін, Жапонияға қарағанда балалар өлім-жітімі төмен Финляндияда балаларға 17 түрлі вакцина салынады, соның ішінде папилома вирусына, COVID-19, ротавирустық инфекцияға, тұмауға және т.б. қарсы вакциналар. 

Бес жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімі 2021 жылы 1000 адамға шаққанда 6,24 жағдайды құраған АҚШ-та ресми егу күнтізбесіне 11 вакцина енгізілген, оның ішінде COVID-19 қарсы вакцина да бар.

Бұл егу күнтізбесіндегі вакциналардың салыстырмалы түрде аз саны белгілі бір елдегі өлім-жітімді төмендетпейтінін дәлелдейді. Яғни, балаларға әртүрлі вакциналар көп салынатын елдерде басқа мемлекеттермен салыстырғанда балалар өлім-жітімі өспейді.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, Жапонияда балалар өлімінің деңгейі ең төмен емес және бұл елде балаларға басқа елдермен салыстырғанда вакцинациялардың орташа саны егіледі. Демек, таралған ақпарат – фейк.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button