Сарымсақ суы SARS-Cov-2 антиденелерінің пайда болуына әсер етпейді
Қазақстандықтар WhatsApp-та бір-бірімен COVID-19-дан қорғану туралы кеңестермен бөлісуде. Пайдаланушылар бір ай бойы сарымсақ суын ішуді ұсынады. Бұл вирусқа қарсы табиғи иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді екен. Бұл өтірік.
Сарымсақ коронавирусты емдеу үшін пайдалы деген теорияның авторы – ташкенттік дәрігер Шухрат Халилов. Оның айтуынша, Sars-CoV-2 вирусы ағзаға еніп, иммундық жүйені зақымдайды және тамақпен араласып, пейер бляшкаларына – аш ішектің шырышасты қабатындағы солитарлы лимфа фолликулаларының жиналуына әсер етеді.
Шын мәнінде, SARS-CoV-2 вирусы ас қорыту жүйесіне мүлдем енбейді. Коронавирус тыныс алу жүйесі мен өкпені зақымдайды. Иммундық жүйеге де әсер етпейді. Керісінше, науқастардағы асқынулар көбінесе ағзаның ауру қоздырғышына тым күшті жауап беруіне байланысты орын алады.
Оның үстіне, ДДСҰ сарымсақтың пайдасы туралы теорияны бұрын жоққа шығарған болатын.
– Сарымсақ – белгілі бір микробқа қарсы қасиеттерге ие денсаулыққа пайдалы өнім. Дегенмен, қазіргі індет кезінде жаңа коронавирусты жұқтырудың алдын алу құралы ретінде сарымсақты қолданудың тиімділігі туралы ешқандай дәлелдер табылған жоқ, – делінген ұйымның ресми сайтында.
Ресейлік дәрігерлер мен қазақстандық фактчекерлер сарымсақ суы COVID-19-ға қарсы иммунитетті қалыптастыруға әсер етпейтіні туралы жазған болатын.