Манипуляция: «COVID-19 вакцинасын сынауға қатысушылардың бірі ауыр халде»
Әлеуметтік желілерде COVID-19 қарсы «Спутник V» вакцинасының клиникалық сынақтарына қатысқан еріктілердің бірі туралы ақпарат талқылануда. Олардың айтуынша, препараттың бірнеше дозасын алғаннан кейін жас жігіттің жағдайы нашарлаған, тіпті ол «вакцинация COVID-19-дан да жаман» депті. Бұл олай емес.
Андрей Василенконың клиникалық сынақтарға қатысқаны рас. Ол өзінің Facebook парақшасында препараттың инъекцияларынан кейінгі жағдайы туралы жазған.
26 қазанда Андрей Василенко «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын алған, сол күні кешке оның қызуы көтерілген. Бұл туралы ол өз постында егжей-тегжейлі айтқан.
– Вакцинаға ешқандай шағымым жоқ, ағзаның реакциясы мен жанама әсерлері болады деген, бірақ мен оларды тым қатты сезіндім, – дейді ол.
Кейіннен Андрей Василенко дәрігерлер оның бойынан қабыну белгілерін және, жүрек проблемаларын анықтағанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, мұндай бұрын болмаған. Оған кардиологиялық препараттар тағайындалды. Айта кетейік, анықталған жүрек проблемалары емделмейді немесе созылмалы сипатқа ие екендігі туралы ақпарат жоқ.
Қазір сынаққа қатысушы өзін жақсы сезінеді, үйіне жіберілді. Вакцинаның басқа да жанама әсерлері туралы хабарламаған.
Экспериментке қатысқан басқа адамдар да журналистерге жанама әсерлер туралы айтқан. Кейбіреуінде аздап температура көтеріліп, денеде ауырсыну сезілген, бірақ бұл белгілер тез басылған.
Ресейлік вакцинаны алған еріктілердің бірінің жағдайы ауыр екендігі туралы мәліметтер жоқ. Андрей Василенконың жағдайы, барлық жанама әсерлерді қоса алғанда, ауыр болмаған. Сондай-ақ, ол көпшілік алдында вакцинаға шағым білдірмеген.