Балаларға айқайлаған ата-аналарды психотроптық препараттармен мәжбүрлеп емдемейді
Қазнетте «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасы төңірегіндегі даулар толастар емес. Бұл жолы пайдаланушыларды медициналық психологиялық түзету шаралары алаңдатып отыр. Кейбір қазақстандықтардың пайымдауынша, бұл өз баласына дауыс көтерген ата-аналарды психотроптық заттармен мәжбүрлеп емдеуге мүмкіндік береді. Шын мәнінде, олай емес.
Жаңа заң жобасында мұндай шаралар туралы ештеңе айтылмаған. Қазақстандық ата-аналардың үрейіне себеп болған 41-бапта: «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға қатысты медициналық психологиялық түзету шаралары оның психикалық жай-күйін жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген дәрі-дәрмекті және өзге де терапиямен бірге жүргізілуі мүмкін» делінген.
Заң жобасы авторларының бірі Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Унжакова түсіндіріп өткендей, Мәжілісте үй агрессорларына психотроптық препараттарды қолдану мәселесі қаралып жатқан жоқ.
– Бұл заң жобасы қазір талқылану сатысында. Атап айтқанда, «психологиялық түзету бағдарламасы» деген не екендігі талқылануда. Уәкілетті органдардың мамандары мен жұмыс тобының мүшелері қоғам өкілдеріне «дәрі-дәрмектік» дегеніміз тәртіп бұзушының алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде болған және онымен дәрігерлер де, психологтар да жұмыс істеу мүмкін болмаған жағдайда ғана жүргізілетін детоксикациялау процесі деп түсіндіреді, – деді ол.
Бұған дейін StopFake.kz жаңа заң жобасына сәйкес, үшінші тұлғалардың өтініші бойынша немесе кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз көшеде жүргендерін байқаса, балаларды ата-аналардан тартып алатыны туралы жалған хабарламаларды жоққа шығарған болатын.