Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған жаңа жәрдемақылар тағайындалған жоқ
Facebook қолданушылары Қазақстандағы алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертеді. Банкте қарызы бар адамдарға хабарласып, «Президенттің мүгедектерге қосымша жәрдемақы төлеу туралы жарлығы» шыққанын хабарлайды, ол тоқсанына бір рет тағайындалатын болады. Бұл ретте алаяқтар жәбірленушінің банктік қарызына тең жәрдемақы сомасын айтады. Олардың сөзінше, ақшаны кез келген пошта бөлімшесінен алуға болады, ал төлемді растау үшін пайдаланушылар 1414 номерінен хабарлама алуы керек. Әрине, онда құпия сөз бен 15 таңбалы код көрсетіледі.
Кейіннек алаяқтар пайдаланушының ЖСН бұғатталғанын және оның төлемді ала алмайтынын хабарлайды. Бұл жағдайда жәбірленушілерге банктік қарызды өтеу үшін қарызға ақша алып, оны жәрдемақы төленгеннен кейін қайтару ұсынылады. Нәтижесінде адамға ешқандай төлем жасалмайды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедек адамдарға арналған мұндай тоқсандық жәрдемақылар тағайындалмағанын хабарлады.
«Мүгедектігі бар адамдарға тоқсанына бір рет төленетін жаңа жәрдемақы тағайындалатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Жәрдемақылар азаматтарға олардың әлеуметтік мәртебесіне сәйкес «проактивті» форматта тағайындалады, яғни оларға қандай да бір жәрдемақыны тағайындау туралы смс-хабарлама келеді, не болмаса азамат жәрдемақы тағайындау үшін құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне немесе egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы тапсырады. Министрлік қызметкерлері азаматтарға қоңырау шалмайды. Сондай-ақ, барлық жәрдемақылар ай сайын төленіп отырады», – деді ведомствоның баспасөз хатшысы Александр Кононец.
Оның айтуынша, мұндай алаяқтар қоңырау шалған адамдар бұл туралы 102 номері бойынша шағымдана алады.